Шымкентте жол үстіндегі төбелес: 40 жастағы ер адамды пышақтап өлтірген 4 күдікті ұсталды (ВИДЕО)
Шымкентте адам өлтіру және бұзақылық дерегі бойынша күдіктілер ұсталды
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру және бұзақылық қылмыстарына қатысы бар күдікті төрт ер адам анықталып, қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр.
20 қаңтарда 40 жастағы ер адам пышақ жарақаттарынан көз жұмды, тағы бір азамат ауруханаға жеткізілді.
«Аталған жайт бойынша «адам өлтіру», «бұзақылық» және «адамды ұрлау» баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерді анықтап, ұстау мақсатында Полиция департаментінің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылды. Қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген қалалық Полиция департаментінің хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін Шымкентте жол апаты жаппай төбелеске ұласып, бір адам қаза тапқаны, кейіннен бір топ жігіт мәйітті аурухананың жанына тастап кеткені және жараланған тағы бір адам ауыр халде жатқаны хабарланған болатын.