«Бұл – билікті бөлу емес»: Мәжіліс төрағасы вице-президент лауазымына қатысты пікір айтты
Бұл – мемлекеттік басқару жүйесін заманға бейімдеу
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық құрылтай отырысында вице-президент лауазымының ұсынылуына қатысты пікірін айтып өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Билік тармақтарын жаңғырту үшін мемлекет басшысы вице-президент лауазымын енгізу бастамасын көтерді. Бірден айта кетейін, бұл – билікті бөлу емес, мемлекеттік басқару жүйесін қазіргі заманға бейімдеу. Осы ұсыныстар Қазақстанның саяси жүйесін айтарлықтай жаңғыртып, жаңа институционалдық деңгейге көтереді», – дейді ол.
Мәжіліс спикері атағандай, мұның бәрі жаңа конституциялық түзетулер қабылдауды талап етіп отыр.
«Бұл – жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар өзгеріс, тарихи қадам деуге болады. Президенттің саяси бағытының өзегінде әділдік идеясы жатыр. Осы тұрғыда, Жаңа Конституция Әділетті Қазақстанның құқықтық іргетасына айналмақ. Ең бастысы, мемлекет басшысы «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз» деген қағидатты Ата заңға шегелеп жазуымыз керек деді. Реформалар, ауқымды өзгерістер – бір адамның емес, тұтас ұлттың жауапкершілігі»,- дейді ол.
Ерлан Қошанов Ұлттық құрылтайда президент бір топ Мәжіліс депутатын жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттағанын айтты.
«Бұл бүкіл палата жұмысына берілген баға деп білеміз. Ол бізге зор жауапкершілік жүктейді. Алдымызда жұмыс көп. Президент реформалары мен бастамаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге тиіспіз. Әр депутат, барлық фракция осы жұмысқа белсене атсалысуы керек», – деді Ерлан Қошанов.