«Құрылтай дала демократиясының негізі болған»: Қошанов Парламентке қандай жауапкершілік жүктелгенін айтты
Ол Парламенттің жаңа атауы оның табиғатын аша түсетінін жеткізді
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтылған бастамаларға қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір Мәжілісте 6 фракция қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр. Көппартиялы қызметте мол тәжірибе жинадық. Сол тәжірибе алда пропорционал жүйемен жасақталатын бір палаталы Парламенттің негізі болуға тиіс», - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жалпы отырыста.
Сондай-ақ, ол атағандай, мемлекет басшысының президенттік квотадан бас тартуы, Ассамблея квотасын алып тастауы – Парламентке толық дербестік беру дегенді білдіреді.
«Ең бастысы бұл либералды бастаманы халықаралық саяси ұйымдар қолдайтыны анық. Халқымыздың тарапынан да кеңінен қолдау тапқанына көзіміз жетіп отыр. Ол әлемдік тәжірибеге, жаһандық конвенцияларға толық сәйкес келеді. Бір сөзбен айтқанда, отандық парламентаризм тарихында батыл да демократиялық қадамдар жасалып жатыр», - деді Мәжіліс спикері.
Ерлан Қошанов ең басты жаңалық президенттің болашақ Парламентті Құрылтай деп атауды ұсынуы екенін айтты.
«Мұны өте ұтымды шешім дер едім. Менің ойымша, тарихи тұрғыдан да, қазіргі заман тұрғысынан да Парламенттің табиғатын аша түсетін атау. Құрылтай – қай кезеңде де дала демократиясының негізі болған, ежелден ұлт тағдырын айқындаған, ел аманатын арқалаған институт. Президент дәл осы жауапкершілікті болашақ Парламентке жүктеп отыр», - деді Мәжіліс төрағасы.