Yandex Go-дағы ақау: депутат 956 мың адамның табысы цифрлық платформаға тиесілі екенін айтты
2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде 35 интернет-платформа операторы арқылы қызмет көрсететін 956 мыңға жуық орындаушы болған
Қазақстанда цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың табысы мен еңбек құқықтарын қорғау мәселесі қозғалды. Құрылтай депутаты Гүлзира Атабаева Үкіметке депутаттық сауал жолдап, платформалық жұмыспен қамтудың тұрақтылығын қамтамасыз етуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттардың сөзінше, бүгінде Қазақстанда жүздеген мың адам табысын интернет-платформалар арқылы тауып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде 35 интернет-платформа операторы арқылы қызмет көрсететін 956 мыңға жуық орындаушы болған. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш одан әрі өсуі мүмкін.
Алайда цифрлық жұмыспен қамтудың кеңеюімен бірге азаматтардың табысына тікелей әсер ететін тәуекелдер де көбейіп келеді. Депутат бұған Yandex Go сервисіндегі техникалық ақауды мысалға келтірді. Салдарынан такси жүргізушілері мен курьерлер уақытша тапсырыс қабылдай алмай, табыс табу мүмкіндігінен айырылған. Бұған қоса, тапқан ақшасын шығарып алуда қиындықтарға тап болғандар туралы да хабарламалар түскен.
«Бұл жағдай бір ғана жеке цифрлық платформаның техникалық ақауы жүздеген мың азаматтың жұмыспен қамтылуы мен табысына тікелей әсер етіп, олардың бір мезетте жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылуын көрсетті», – деді Құрылтай депутаты.
Гүлзира Атабаева бір цифрлық сервистің жұмысы тоқтаса, оған тәуелді мыңдаған адамның күнделікті табысы да тоқтауы мүмкін екенін ескертті.
Осыған байланысты депутаттар Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады.
Біріншіден, платформалық жұмыспен қамтудың Қазақстан еңбек нарығына төндіретін тәуекелдеріне кешенді бағалау жүргізу қажет.
Екіншіден, цифрлық платформаларда жаппай техникалық ақау болған жағдайда әрекет етудің ведомствоаралық жоспарын әзірлеу ұсынылды. Онда мемлекеттік органдар мен платформа операторларының өзара іс-қимылы, азаматтарды шұғыл хабардар ету, тапсырыстарға қолжетімділікті қалпына келтіру және берешекті жедел өтеу тәртібі нақты көрсетілуі керек.
Үшіншіден, ұзаққа созылған техникалық ақаулардан зардап шеккен орындаушыларды қорғаудың практикалық тетіктерін, соның ішінде ерікті өтемақы бағдарламаларын қарастыру қажет.