«Жемқорлық киіт кигізу салтына ұқсайды». Психолог жемқорлыққа итермелейтін бірнеше факторды атады
Психолог «Ұят» ұғымы жайында сөз қозғады
Бүгін, 11 тамыз күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі онлайн брифинг ұйымдастырып, психолог Гүлбану Үмбетжановамен әңгімелесті. Брифинг «Мемлекеттік қызметшілердің жұбайлары сыбайлас жемқорлық қылмыс жасауына қалай себеп болуы мүмкін» деген тақырыпта өтті.
Мемлекеттік қызметшілердің жұбайлары сыбайлас жемқорлық қылмыс жасауына қалай әсер етуі мүмкін» деген тақырыпта өткен брифингте агенттік қызметкері психологқа «Ұлттық менталитетімізде жемқорлыққа қатысы бар қандай ерекшеліктерді атауға болады?» деген қосымша сұрақ қойды.
«Қазақ халқы өте ерекше халық және ұлттық құндылықтарға өте бай ел. Біздің дәстүріміз – білімде, көшпенділер өмірінің негізінде. Бір сөзбен қазақтың бүкіл салт-дәстүрін сипаттауға болады. Қысқа да нұсқа «ұят» деген сөз бар. Өкінішке қарай, бізде «мен бастықпын» деген түсінік бар және осы түсінікте материалдық жағдай статусқа сай келмесе «ұят болады» деу қалыптасқан. Бастықтар «Мен су жаңа көлік мініп, зәулім үйде тұруға лайықпын» деп өзін сендіреді. Осындай басшылар астында қымбат көлігі, үстінде бренд киімі жоқ қарапайым басшыларды «Не алмайды, не бермейді?» деп келеке етеді. Біз қарапайымдылықты сынамауымыз керек. Біз кейде көршілерімізді немесе танысымызды «Өзі дардай басшы, ал астына мінген көлігі анау», немесе «Өзі бастық, ал киген киімінің сиқы мынау» деп сынаймыз. Яғни, біз осындай сөзімізбен шенеуніктерді жемқорлыққа итермелейміз. Бұл сынайтындай бизнес емес, мемлекеттік қызмет қой», - деді ол.
Психолог Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен солтүстік өңірлерін салыстыра отырып, оңтүстікте бермесең ұят, ал солтүстікте алсаң ұят дейді. Жалпы, ол жемқорлықты қазақтың құда күткен кезде беретін сый-сияпатымен салыстырды.
«Жемқорлық қазақтың киіт кигізуі сияқты. Киіт кейде сыймай қалады, кейде үлкен болады, кейде түрі ұнамайды. Кейде ол сыйлық айналып өзіңе қайта келеді. Яғни, сіз анықтама алу үшін бір дәрігерге шоколад бересіз. Дәрігер оны мұғалімге беріп, баласына жақсы баға қойдырады. Мұғалім оны әкімдік қызметкеріне беріп, үй кезегіне тұрады. Ал әкімдік қызметкері құқық қорғау органына беріп, өзіне тиспеуді сұрайды. Яғни, бұл үзілмейтін жіп», - дейді ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан