Стихиялық қоқыс бойынша Алматы облысының тұрғындарынан шағым көп түскен
Бір апта ішінде Қазақстанда полигондардың жартысынан көбі немесе 347 үйінді жойылды
Экология министрлігінің жедел желі жұмысына соңғы аптада стихиялық қоқысқа байланысты 623 шағым келіп түсті. Стихиялық қоқыс туралы хабарлардың көпшілігі Алматы (90), Шығыс Қазақстан (62) және Қарағанды облыстарынан (48) болған. Сондай-ақ Алматы қаласынан (47) Ақмола (42) мен Ақтөбе облыстарынан (30) өтініштер түскен.
623 шағымның 469-ы стихиялық үйінділерге, 154-і толып кеткен контейнерлерге қатысты. Бір апта ішінде әкімдікпен бірге полигондардың жартысынан көбі немесе 347 үйінді жойылды.
Экология министрлігі тұрғындар тарапынан түсетін шағымдардың артқанын азаматтық позицияның өскені деп түсіндіреді. Оған қоса, жедел желі жұмысының тиімділігі соңғы екі аптада анық байқалған.
«Шағым түскеннен кейін ақпарат дереу жергілікті экология департаменттеріне, ҚР ІІМ қызметі мен әкімдіктерге жіберіледі. Мамандар жедел тексеру орнына барып, шара қолданады, кінәлілер жазаланып, соның ішінде айыппұл өндіріліп алынады», - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, Экология министрлігінің жедел желі нөмірі: +7 (775) 952-49-00. WhatsApp мессенджері арқылы осы нөмірге кез келген қазақстандық өз қаласындағы немесе ауылындағы стихиялық коқыс туралы ақпаратты, оны растайтын фотосурет пен видеоны жібере алады.
Экология министрлігі халықты бұл мәселеге бей-жай қарамауға шақырды. Стихиялық үйінділерге куә бола қалса, жедел желіге дереу хабарлауын, заң бұзушыларға сол жерде ескерту жасап, полиция шақыру керек екенін еске салады.