Мұғалім декреттен кейін ауырса, оған «больничный» төленбей ме: заңда бұл туралы не жазылған
Мұғалімнің айтуынша, оған декретте болған кезеңдегі табысы есепке алынатыны, ал ол уақытта жалақы алмағандықтан, есептелетін қаржы жоқ екені айтылған
Әдетте, денсаулығыңызға байланысты уақытша жұмысқа жарамсыз болып қалсаңыз, жұмыс беруші сізге тиісті жәрдемақы төлеуі керек. Әрине, бұл талап ресми түрде еңбек ететін қызметкерлерге қатысты. Алайда бала күтімі демалысынан кейін жұмысқа оралған кейбір азамат еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алған жағдайда төлемге қатысты қиындыққа тап болып жүр. Олардың сөзінше, жұмыс берушілер декреттен шыққаннан кейін үш ай өтпейінше аурухана парағына ақша төленбейтінін айтқан. Бұл талап қаншалықты заңды? Қазақстан заңнамасында шынымен осындай шектеу бар ма? Azattyq Rýhy тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап көрді.
«Үш айға дейін төленбейді дегенді кім шығарған?»
Редакциямызбен байланысқан мұғалім Лаура Бекилова декреттік демалыстан кейін еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бойынша төлем алу мәселесіне тап болғанын айтты. Оның сөзінше, ол 2025 жылдың мамырында бала күтімі демалысына шығып, биыл қыркүйекте жұмысқа қайта оралған. Алайда арада бір айға да толмай ауырып қалған кезде төлемнің қалай есептелетініне қатысты түсініксіз жағдай туындаған.
Мұғалімнің айтуынша, оған декретте болған кезеңдегі табысы есепке алынатыны, ал ол уақытта жалақы алмағандықтан, есептелетін қаржы жоқ екені айтылған. Сондай-ақ декреттен шыққаннан кейін үш ай өтпейінше төлем жасалмайды деген түсінік қалыптасқан.
«Декреттен шыққан мұғалімге неге еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша төлем төленбейді? Мен түсіне алмадым. Біз жаңадан жұмысқа кіріп жатқан жоқпыз ғой. Үш айға дейін төленбейді дегенді кім шығарған? Кімде осындай проблема бар?», – дейді Лаура Бекилова.
Осы мәселеге байланысты заңгерден Қазақстан заңнамасында қандай тәртіп қарастырылғанын сұрадық.
Заңгердің түсіндіруінше, Еңбек кодексінде бала күтімі демалысынан жұмысқа оралған қызметкерге алғашқы үш айда еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша төлемді төлеуге тыйым салатын норма жоқ.
«Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 133-бабының 4-тармағына сәйкес, жәрдемақы бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс кезеңінде болған күндер үшін төленбейді. Ал қызметкер жұмысқа қайта кіріскеннен кейін жалпы тәртіппен жәрдемақы алуға құқылы», - дейді Сабина Ахметова.
Демек, декреттен кейін үш ай күту керек деген талап заңда көзделмеген. Жұмыс беруші де мұндай шектеуді өзінің ішкі ережесімен енгізе алмайды.
Декреттен кейінгі төлем қалай есептеледі?
Заңгердің түсіндіруінше, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша төлем есептегенде адамның декретте отырған не отырмағаны есепке алынбайды. Тек жұмысқа шыққаннан кейінгі жалақысы мен жұмыс істеген күндері ескеріледі. Сондықтан декреттен кейін бірден ауырып қалсаңыз да, төлем нақты жұмыс істеген кезеңіңізге қарай есептеледі.
«Есептеу кезінде жұмысқа қайта шыққаннан кейінгі жалақы мен нақты жұмыс істеген күндер назарға алынады. Егер қызметкердің жұмыс өтілі есептік кезеңдегі 12 айдан аз болса, есептеу нақты жұмыс істеген уақыты бойынша жүргізіледі. Жалпы, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы орташа күндік жалақыны ауырған жұмыс күндерінің санына көбейту арқылы есептеледі. Бұл ретте заңнамада ай сайынғы төлемнің шекті мөлшері де белгіленген», - дейді заңгер.
Жұмыс беруші төлем беруден бас тартса, не істеу керек?
Егер жұмыс беруші негізсіз аурухана парағы бойынша жәрдемақы төлеуден бас тартса, қызметкер өз құқығын қорғау үшін бірнеше қадам жасай алады.
«Алдымен жұмыс берушіге жазбаша өтініш жолдап, төлемнің не себепті жасалмағанын ресми түрде түсіндіруді талап еткен жөн. Егер мәселе шешілмесе, Мемлекеттік еңбек инспекциясына eGov немесе e-Otinish платформасы арқылы шағым түсіруге болады. Сондай-ақ жеке еңбек дауы бойынша сотқа жүгінуге құқығы бар», - дейді маман.
Бұл ретте қызметкердің қолында медициналық ұйым берген еңбекке уақытша жарамсыздық парағы болуы керек.
«Осылайша, бала күтімі демалысынан кейін жұмысқа оралған азаматтың аурухана парағы бойынша жәрдемақы алу құқығы сақталады. Ал үш ай күту керек деген талап заңда жоқ. Сондықтан мұндай жағдайға тап болған қызметкерлер жұмыс берушіден төлемнің заңды негізде есептелуін талап ете алады», - деді заңгер Сабина Ахметова.
Айта кетейік, біз тиісті Білім басқармасына сұрау жібергеннен кейін мұғалім Лаура Бекилова мектептен тиісті төлемақысын алғанын хабарлады. Осылайша, үш аптадай еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша төлемін ала алмай жүрген мұғалімнің мәселесі шешілді.