«Психологиялық та, физикалық та зорлыққа жол жоқ»: Алтынбекова Павлодардағы жағдай туралы айтты
Ол жаттықтырушыларға баға берер сәтте олардың кәсіби біліктілігімен қатар спортшылармен қарым-қатынас орната білуіне де назар аудару қажет екенін айтты
Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова Павлодарда турнирде болған жағдайдан кейін спорттағы зорлық-зомбылық жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сабина Алтынбекова өз сөзінде жаттықтырушыларға баға берер сәтте олардың кәсіби біліктілігімен қатар спортшылармен қарым-қатынас орната білуіне де назар аудару қажет екенін айтты.
«Психологиялық та, физикалық та зорлыққа жол жоқ. Мысалға, буллинг. Бапкерлерді мұқият зерттеу керек, олардың жүріс-тұрысына, жұмыс істеу тәсілдеріне мән беру керек. Өкінішке қарай, волейболдағы бапкерлерде қарапайым мәдениет жоқ», – дейді спортшы.
Ол сол сияқты кейбір командаларда психологтар ғана емес тіпті дәрігерлер де жоқ екенін айтты. Ал Павлодардағы жағдай бүкіл жүйені қайта қарауға себеп болуы керек екенін де қозғап өтті.
«Психологиялық қысым көрсетіп, қол көтеретін жаттықтырушылар бар болған кезде, біз дені сау ұрпақты қалай тәрбиелейміз? Біз спорттағы физикалық зорлық-зомбылық мінезді «нығайту» үшін насихатталған КСРО-да өмір сүрмейміз», – деді Алтынбекова.
Айта кетейік, осыған дейін Павлодардағы жарыстардың бірінде жаттықтырушы шәкіртінің бетінен ұрғаны хабарланған. Артынша ол жұмысынан қуылып, үстінен қылмыстық іс қозғалды.