«5 млн теңгеге дейінгі несиеңізді жойып береміз»: алаяқтар елді алдаудың жаңа тәсіліне көшті
Кез келген ақпараттың ең бірінші сенімділігін анықтау қажет
Алаяқтардың қитұрқы әрекеті әлі тоқтамай тұр. Қазір TikTok-та 18 жастан асқан азаматтардың 5 млн теңгеге дейінгі несиелері мен айыппұлдарының бәрін бір сәтте жауып, жойып тастауға болатыны туралы бейнероликтер таралып жатыр. Оның авторлары өздеріне сендіру үшін мемлекеттік орган ретінде көрсетіп, Қазақстанның рәміздерін пайдаланып, көрсетілген сілтемеге өтуге шақырады. ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-ның Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұл мәліметтің жалған екенін дәлелдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Орталықтың мәліметінше, олар көрсеткен сайт ресми әлеуметтік көмек көрсететін сервис ретінде көрсетілген. Ал сайтта туған жылын белгілеу қажет. Ары қарай істің бағдарлама шарттарына сәйкес келетіні хабарланып, Telegram желісіне жолдайды. Сол сияқты таймер көрсетіліп, уақыттың шектеулі екенін айтып, асығыс шешім қабылдауға итермелейді.
Ал ең сорақысы, Telegram-дағы авторизацияны растаған адам іс жүзінде бөгде адамдарға өз аккаунтына, жеке хат алмасуына және оған байланысты мәліметтерді алуына мүмкіндік береді.
VirusTotal: LevelBlue сервисі ресурсты Phishing (фишинг), ал alphaMountain.ai мен Fortinet-ті Spam (спам) ретінде жіктейді.
Доменнің тіркелген мерзіміне назар аудару қажет. Зерттеу барысында олардың домені шамамен 17 күн бұрын ғана тіркелгені анықталды. Бұл алаяқтықты толық дәлелдемеуі мүмкін, бірақ өзге белгілермен бірге қарастырғанда үлкен күдік тудырады.

Аталған белгілер мемлекеттік көмек алу сылтауымен жасалатын фишингтік алаяқтық қаупі бар екенін көрсетеді.
«Домен атын мұқият тексеріңіз. Қазақстанның ресми мемлекеттік ресурстары тек .gov.kz домендік аймағын пайдаланады. Ал басқа да көптеген ресми ұйымдардың сайттары негізінен .kz аймағын қолданады. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың сайт атауларында көбіне қазақ тіліндегі сөздер мен олардың қысқартылған нұсқалары латын әріптерімен жазылады. Осыған байланысты бейтаныс домендік аймақтарға назар аударыңыз. Егер сайт атауы мысалы .cfd, .xyz, .top немесе .click сияқты бейтаныс домендік аймақтармен аяқталса, оны мұқият тексерген жөн. Сайттың сыртқы көрінісіне ғана сенбеңіз. Сайтта көрсетілген мемлекеттік рәміздер, логотиптер және т.б. болуы оның Қазақстандағы органдарға тиесілі екенін ешқашан растамайды», – дейді Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы.
Егер несиелер мен айыппұлдарды есептен шығару туралы қандай да бір ақпарат тараған болса, оны тек мемлекеттік органдардың ресми ақпарат көздерінен қарау керек.
Күдік тудырған авторизацияны растамаңыз. Егер сілтеменің немесе қосымшаның қайдан шыққанына және кімге беріп жатқаныңыз күмән тудырса, Telegram және басқа да жеке аккаунттарыңызға кіруіне рұқсат бермеңіз. Ал егер күмәнді сілтемеге кіріп қойсаңыз, Telegram-ның параметрлеріне кіріп, белсенді сеанстарды тексеріңіз, сол жерден өзіңізге беймәлім құрылғылар болса, бірден өшіріңіз және екі кезеңді аутентификацияны қосыңыз.
Алаяқтар қазақстандықтарды алдау үшін әрбір айла-шарғысын мұқият ойластырады. Олар әр адамның шешілмей тұрған түйткілді мәселелерін шешіп береміз, қарыздарын жойып тастаймыз деп сенімге кіруге тырысады. Сырт көзге сенімді болып көрінгенмен, оның астарында алаяқтардың түрлі қулық-сұмдығы жатыр. Сол себепті, кез келген ақпараттың сенімділігін, ресми екенін тексеру қажет.