Жеміс-жидек арзандап, ет қымбаттаған: Қазақстанның әр өңірінде азық-түлік бағасы қалай құбылды
Ұлттық статистика бюросы азық-түліктің бағасына мониторинг жасап отырады
Қазан айында бірқатар көкөніс пен жемістің бағасы арзандағынымен, күнделікті тұтынатын негізгі өнімдердің басым бөлігі өткен жылға қарағанда қымбаттаған. Ұлттық статистика бюросының дерегіне зер салсақ, азық-түлік бағасы бір жылда 8,5% өскен. Azattyq Rýhy аймақтардағы азық-түлік бағасына шолу жасады.
Қазақстандықтардың дастарқанындағы негізгі азықтың бірі – ет, сондықтан оның бағасындағы өзгеріс отбасылық бюджетке бірден әсер етеді. Мысалы, биыл шілдедегі қой етінің бағасын өткен жылмен салыстырсақ, 27,9% өскенін аңғарамыз. Одан бөлек, сиыр еті 15,1%, жылқы еті 14,4%, шошқа еті 11,3% қымбаттаған.
Energyprom дерегіне сүйенсек, биыл қаңтар-шілде аралығында елде 48,2 мың тонна жаңа сойылған және салқындатылған ет өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңінен 9,3% көп. Тіпті кейінгі 26 жылда тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш. Иә, ет өндірісі артып келеді. Бірақ бағаның өсуі де тоқтамады.
Ал Ұлттық статистика бюросы қазан айында жылқы етінің орташа бағасы 4 328 теңге болғанын хабарлады. Алматыда 4 899 теңгеге жетіп, ең қымбат бағаның бірін көрсетті. Ақтауда жылқы еті 4 794 теңгеден, Ақтөбеде 4 464 теңгеден, Қарағандыда 4 822 теңгеден сатылған. Астанада баға 4 515 теңге болса, Шымкентте 4 345 теңге, Атырауда 4 122 теңге, Жезқазғанда 4 255 теңге, Көкшетауда 4 268 теңге болған. Қонаевта жылқы етінің келісі 4 228 теңге, Қостанайда 4 430 теңге, Қызылордада 4 073 теңге, Оралда 3 996 теңге, Өскеменде 4 567 теңге, Павлодарда 4 376 теңге, Петропавлда 4 732 теңге, Семейде 4 312 теңге, Талдықорғанда 4 294 теңге, Таразда 4 270 теңге, Түркістанда 4 046 теңге болған.
Тартылған еттің де бағасында айырмашылық бар. Мысалы орташа бағасы 4 333 теңге болғанымен, кей қалаларда ол 5 мың теңгеден асады. Мысалы Астанада 5 042 теңгеден, ал Семейде 3 402 теңгеден сатылған.
Сүйексіз сиыр етіне келсек, Алматыда бұл өнім 5 232 теңгеден сатылған. Қызылордада 4 555 теңге, Оралда 4 533 теңге, Түркістанда 4 854 теңге болған.
Кейінгі екі жылдың қыркүйегіндегі сандарға қарасақ, нан және нан өнімдері 9,9% қымбаттаған. Сол секілді сүт пен жұмыртқаның бағасы бір жылда 8,4% өскен. Бұған қоса, ірімшік пен сүзбе 9,7%, ал қышқыл сүт өнімдері 11,2% қымбаттаған.
Ал көкөністердің бағасы бір жылда 1,1%, жеміс-жидек пен жаңғақтардың бағасы 1,2% арзандаған. Бұл Ұлттық статистика бюросының апталық мониторингінде де байқалады. Мысалы 7 қазандағы жағдай бойынша пияз 4%, картоп 1%, сәбіз 0,8% арзандаған. Алманың бағасы 1,8% төмендеген.
Сол аптада ел бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 133 теңге болған. Ең төмен баға Талдықорғанда тіркеліп, бір келісі 108 теңгеден сатылған. Қанттың орташа бағасы 435 теңге болғанымен, Ақтөбеде оның бір келісі 368 теңгеден сатылған.
Десе де барлық өңірде баға бірдей емес. Мысалы республика бойынша алманың орташа бағасы бір келіге 699 теңге болса, Шымкентте 494 теңгеден сатылды. Қияр Түркістанда 346 теңгеден, Таразда 414 теңгеден сатылса, негізгі орташа бағасы елде 536 теңге болған. Ал ұн, нан, сүйексіз сиыр еті, қой еті және тауық етінің бағасы өзгеріссіз қалды.
Ал қыркүйектің соңғы апталарындағы дерек бойынша, қой еті, тауық, сүзбе мен қырыққабаттың бағасында өзгеріс болмаған. Ал пияздың бағасы 4,3%, сәбіз – 2,8%, алма – 2,5%, қияр – 1,3%, картоп – 0,9%, қант пен тауық етінің бағасы 0,5%, сүйекті сиыр етінің бағасы 0,4%-ға төмендеді. Сол аптада сәбіздің орташа бағасы бір келіге 215 теңге болса, Павлодарда 140 теңгеден сатылған. Қызанақ орта есеппен өзге өңірлерде 668 теңгеге бағаланса, тараздықтар 412 теңгеден сатып алған.