Қазақстан Үкіметі іссапарларға кететін шығынды азайтуды жоспарлап отыр
Қоғамдық талқылау биыл 5 қарашаға дейін жалғасады
Қазақстан Үкіметі іссапарларға жұмсайтын шығынды азайтпақ. Қаржы министрлігі осыған байланысты арнайы жоба әзірлеп, оны «Ашық НҚА» порталына жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жобаның мәтінінде бюджет ақшасынан қызметтік іссапарларға, оның ішінде шетелдерге арналған қызметтік іссапарлардың шығынын өтеу Үкімет бекіткен тәртіппен орындалатыны жазылған.
Оның басты мақсаты – осы бағытқа жұмсалған шығындарды оңтайландыру.
Сол сияқты Қаржы министрлігінің жобаны әзірлеуіне Президент Әкімшілігінің 2026 жылғы 18 қыркүйектегі тапсырмасы және премьер-министрдің 2026 жылғы 11 шілдедегі «Барлық бюджеттік бағдарламаларды аудиттеу нәтижелерін іске асыру жөніндегі жол картасы» тапсырмасының 2.22-тармағы бойынша, шығындарды өтеу ережелеріне түзетулер енгізу негіз болған.
Қоғамдық талқылау биыл 5 қарашаға дейін жалғасады.
Айта кетейік, осыған дейін Құрылтай депутаты Айдос Сарым бюджетті тиімсіз пайдалану көлемі 648 млрд теңгеге жеткенін мәлім еткен.
«Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану көлемі 648 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп», – дейді депутат.