Оған түрмеден шыққаннан кейін қандай көмек көрсетілгені белгілі болды
Алматы облысының Жауғашты ауылында орналасқан түрмеде жазасын өтеген әйел адам жағдайы туралы сыр бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР ІІМ ҚАЖК мәліметінше, ол қазір шартты түрде бостандыққа шыққан. Бостандыққа шығатыны туралы білгеннен кейінгі әсері жайлы былайша ойын жеткізді.
«Қайтадан өмірге келген сияқты сезініп отырмын өзімді. Өзімді ең бақытты ана сезіндім. Кәмелетке толмаған бес балам бар. Туған жерім – Түркістан облысы. Қазір 39 жастамын. Үлкен ұлым колледжде оқиды. 2-курс студенті. Қалған төртеуі балалар үйінде», – дейді ол.
Ол сотталғандардың жағдайы туралы да сөз қозғап өтті.
«Өте ауыр. Оны сөзбен айтып, елестетудің өзі өте қиын. Тиісті жағдайдың бәрі жасалған. Бірақ ол жақта сотталған деген сөзді ысырып қойып, дұрыстап мән берсек, біреудің әлпештеген қызы, баласына асыққан ана, бауырларын күткен әпке жатыр», – дейді ол.
Сөзін жалғай отырып, қай жерде жұмыс істегені туралы айтып өтті. Белгілі болғандай, түрмеде жатып, несиесін төлеп бітірген.
«Орталық асханада жұмыс істедім. Ыдыс-аяқ жудым. Одан кейін балық тазалау цехында жұмыс істедім. Жалақымның 50 пайызын 2-курста оқитын үлкен ұлыма аударып отырдым, жүріп-тұруына жұмсауы үшін. Жауғаштыда түрмеде отырғанда қараңғы терең шұңқырға түсіп кеткендей сезімде болдым», – деп ол көз жасына ерік берді.
Түрмеде жатса да балаларынан қол үзбеген ана олармен үнемі байланыста болды.
«Басты мақсатым – балаларыма оралу еді. Сол арман маған күш берді», – дейді ол.
ҚР ІІМ ҚАЖК дерегіне сүйенсек, бостандыққа шыққаннан кейін оның баратын жері болмаған. Ол «Реванш» бейімдеу орталығына орналастырылып, құжаттарын рәсімдеп, әлеуметтік қиындықтарын шешу үшін қолдау алды.