Қазақстанның ауыл шаруашылығы кейінгі 7 жылда қалай дамыды
Ауыл шаруашылығын дамытуға 1,2 триллион теңге инвестиция салынды
Қазақстан жылқы саны бойынша әлемдегі бестіктің қатарында тұр. Кейінгі жеті жылда елдегі жылқы басы шамамен 1,7 миллионға көбейіп, мал шаруашылығындағы ең жоғары өсімді көрсетті. Осы кезеңде ірі қара, қой-ешкі мен құс саны да артқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 8,2 миллион бас ірі қара және 22,7 миллион бас қой мен ешкі бар. Жылқы 4,6 миллион бас, ал түйе 311 мың 600 басқа жетті. Құс саны 49 миллион 200 мың. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірісі өсіп келеді. Биылғы тоғыз айда Қазақстанда 1,4 миллион тонна ет өндіріліп, 3 миллион тонна сүт сауылған, 3,7 млрд дана жұмыртқа алынған.
Ауыл шаруашылығындағы өсім мал шаруашылығымен шектелмейді. 2019-2026 жылдары өсімдік шаруашылығы өнім көлемі екі есеге артып, 5,9 триллион теңгеге жеткен.
Қазақстанда шикізатты дайын өнімге айналдыруға басымдық берілген. 2019 жылдан бері азық-түлік өндірісінің көлемі 2,4 есе өсіп, 4 триллион теңгеге жеткен. Ал сусын өндірісі 2,5 есе ұлғайып, 1 триллион теңге болды.
Саладағы оң өзгерістер сыртқы саудадан да байқалады. Соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 3,3 миллиард доллардан 7 миллиард долларға дейін өскен. Экспорт көлемін одан әрі арттыру үшін өнім сапасын жақсарту, өңдеу кәсіпорындарының қуатын кеңейту және жаңа нарықтарға шығу міндеттеріне назар аудару керек. Әсіресе шикізат күйінде сатылатын өнімнің үлесін азайтып, қосылған құны жоғары тауарлар шығаруға мүмкіндігін кеңінен пайдалану маңызды.
2019–2026 жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға салынған инвестиция көлемі 495 миллиард теңгеден 1,2 триллион теңгеге дейін өскен. Осы кезеңде бір жұмыскерге шаққандағы еңбек өнімділігі де 2,5 есе артып, 6,2 миллион теңгеге жетті.
Агроөнеркәсіптік кешеннің алдағы дамуы бірнеше бағытқа байланысты болып отыр. Олардың қатарында шаруаларды қаржыландыру, егіс алқаптарын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және мал шаруашылығының жемшөп базасын нығайту бар.Сонымен қатар аграрлық ғылымның жетістіктерін өндіріске енгізу, тұқым шаруашылығы мен селекциялық жұмыстарды дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейту керек.
Жалпы алғанда, кейінгі жеті жылда Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндіріс, өңдеу және экспорт бағыттарында жақсы өсім көрсетті. Енді ауыл шаруашылы саласының алдында осы қарқынды сақтай отырып, өндірістің тиімділігін арттыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қосылған құны жоғары өнім шығаруды кеңейту міндеттері тұр.