«Денесі көгеріп кеткен»: Астанада мектеп қызметкері сегіз жасар қызды ұрғаны рас па

Білім басқармасы бұл факт расталған жоқ дейді 

«Денесі көгеріп кеткен»: Астанада мектеп қызметкері сегіз жасар қызды ұрғаны рас па
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Астанадағы №92 мектепте 8 жастағы қызды мектеп қызметкері ұрған. Бұл туралы баланың анасы әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оқушы 3 «Е» сыныбында оқиды. Анасы қызының денесіндегі көгерген іздері байқаған. Анықталғандай, оның қызына мектеп пихологының көмекшісі қол көтерген көрінеді.   

«Қызымды ересек әйел ұрған. Ол мектепте психологтың көмекшісі болып жұмыс істеген. Ал қызымның сынып жетекшісі күйеуінің ықпалымен желідегі жазбамды өшіруді талап етіп отыр. Күйеуім баламды қорғағысы келіп отырған жоқ. Мен қолдаусыз қалдым. Бізге көмек керек», – деп жазды анасы.

Ата-ана болған жағдайдан кейін психологтың көмекшісі жұмыстан өз еркімен кеткенін мәлімдеді.

«Маған ол маман жұмыстан кететінін және жазбамды өшіруімді сұрап жатыр. Бірақ олай емес. Ешкім жұмыстан кеткелі жүрген жоқ. Бұл тек сөз. Бұл жағдайдан өтерміз. Баламды үйде оқыту форматына ауыстырып аламын. Маған қазір қолдау керек. Өйткені жан-жақтан жазып мазалап жатыр», - деді зардап шеккен қыздың анасы.

Бұл жағдайдан кейін Астана қаласы Білім басқармасы тексеру жүргізіп, мән-жайды анықтаған.

«Мектептегі бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеру барысында оқушыға қатысты физикалық күш қолдану фактісі расталмады. Сондай-ақ оқушының әкесі бейнебақылау камераларының жазбаларымен танысып, қызына қатысты қандай да бір қысым көрсету белгілерінің жоқтығына көз жеткізгенін және ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеген», - деп мәлімдеді Білім басқармасы.