Каспийдегі қайғылы оқиғадан 14 сарбаз қаза тапты
Бүгін Каспий теңізіндегі трагедияның өткеніне тұп-тура екі аптаның жүзі болды. Оқу-жаттығу барысында 17 сарбазды ашық теңізге тастай салғаны, оның 14-і жағаға жете алмай толқынның арасында қалып, қаза тапқаны жазылды. Сонымен осы екі аптаның ішінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысына салғырт қараған қай шенеуніктерді қызметінен қуды? Ал кімдер қамалды? Azattyq Rýhy тілшісі соңғы 14 күндегі ауыс-түйістерді, қолданылған шараларды саралап шықты.
Әскердегі әлімжеттік, командирлердің ұрып-соғуы, сарбаздардың әскерге сау кетіп, табытпен оралғаны немесе өз аяғымен барып, мүгедек болып қайтқаны жайлы оқиғалар БАҚ беттерінде талай мәрте жазылып, қоғамда резонанс тудырған еді. Осындай жекелеген оқиғалардың болғанына қарамастан Қорғаныс министрлігі тиісті реформа жасамай, қол қусырып қарап отырғаны жасырын емес. Тіпті сол кездегі қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың мысқылдап күлген видеосы да жарияланған. Рас, ол видеодағы экс-шенеуніктің «дымбілмес» жағдайының Каспийдегі трагедияға қатысы жоқ. Бірақ дәл осы қаралы жағдайдан кейін лезде тарап, қоғамда ауыр сынға қалды.
24 қыркүйек күні Қазақстан халқы үшін қаралы күн болды. Таңғы уақытта Әскери теңіз күштерінің басшылығы оқу-жаттығу өткіземіз деп 17 сарбазды ажал аузына тастай салған. Қорғаныс министрлігі бастапқыда 19 сарбаз деп ресми ақпарат таратқан. Бірақ оның екеуі жағада қалып, қалғанын оқу-жаттығуға жіберген. Сол 17 сарбаздың 14-і суға кетіп, 3-еуі ғана тірі қалды.
Жағдайдың қалай басталып, қалай өрбігені әзірге белгісіз. Қазір осыған байланысты тергеу жүріп жатыр.
Сонымен Каспий теңізіндегі трагедиядан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінде негізгі шенеуніктердің біразын орнынан алып тастады. Ал енді бірнешеуі қамауға алынып, тергеу жүріп жатыр.
25 қыркүйек – Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Дәл осы күні Ішкі істер министрлігі қайғылы оқиғаға байланысты бес лауазымды қызметкердің қолына кісен салып, қамауға алғанын хабарлады. Олардың арасында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, яғни Данияр Хайрушев пен екі әскери бөлімнің командирі, сол сияқты теңіз жаяу әскерлері ротасының және «Қайсар» катерінің командирлері бар. Ішкі істер министрлігі олардың аты-жөнін жасырын қалдырды.
Ал 6 қазан күні Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбековтің қамауға алынғаны белгілі болды.
ІІМ-нің ресми хабарламасына сүйенсек, Қанат Ниязбеков қызметіне салғырт қарады деген күдікпен тергеу изоляторына қамалды.
Экс-министр Дәурен Қосановтың әлгі видеосы тарағаннан кейін қызметінде ұзақ отыра қойған жоқ. Оның үстіне ел қайғыдан қара жамылып, аза тұтқан 25 қыркүйек күні, яғни бір күннен кейін ғана үндеу жасады.
Трагедиядан үш күн өткен соң, 27 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі болып отырған Дәурен Қосановты жұмысынан қуды.
Арада бірер апта өткен соң орынбасарларын да экс-министрдің артынан жіберді. Жұмысынан қуылғандар:
Айта кетейік, жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев 14 сарбаздың қазасына байланысты тағы да шұғыл жиын өткізіп, арнайы құрылған комиссияның алғашқы есебін тыңдаған. Сол жиында оқу-жаттығу жиындарын дайындау және жоспарлау кезінде тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты елеулі кемшіліктерге жол берілгені айтылды.