Әлем бойынша ЖИ-ден денсаулығына қатысты кеңес сұрайтындар арасынан қазақстандықтар бірінші орынға шыққан

Зерттеуге 20 елден 19 514 адам қатысқан. Соның ішінде 18 бен 99 жас аралығындағы 1000-нан астам қазақстандық сауалға жауап берген

Әлем бойынша ЖИ-ден денсаулығына қатысты кеңес сұрайтындар арасынан қазақстандықтар бірінші орынға шыққан
Фото: ЖИ

Қазақстандықтардың 71% денсаулыққа қатысты сұрақтарын жасанды интеллекттен сұрайды. Сонымен қатар Қазақстан ЖИ-ден медициналық кеңес алу бойынша бірінші орынға шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Бұл деректер STADA Health Report 2026 халықаралық зерттеу жұмысы нәтижесінде белгілі болды. Зерттеуге ақпан айында 20 елден 19 514 адам қатысқан. Соның ішінде 18 бен 99 жас аралығындағы 1000-нан астам қазақстандық сауалға жауап берген.

Сауалнама нәтижесі бойынша қазақстандықтардың 71% белгілі бір жағдайда ЖИ-ден медициналық кеңес алатын көрінеді. Бірақ бұл олардың дәрігерді ЖИ-ға толық алмастырды дегенді білдірмейді. Мәселен, сауалнамаға қатысушылардың 26% ЖИ-дің кеңесін дәрігерден сұрап нақтылаған, ал 25% тек пікір алумен шектелген.

Жас ерекшелігіне қарай да айтарлықтай айырмашылық бар. 

Сонымен бірге қазақстандықтардың 69% денсаулық туралы ақпараттың көптігіне байланысты сенімді ақпаратты жалған мәліметтен ажырату қиын екенін айтқан.

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 94% өздігінен емделуді құптайды

Зерттеу қазақстандықтардың жеңіл сырқат кезінде өздігінен емделуге бейім екенін көрсетті. Респонденттердің 94%-ы белгілі бір жағдайда дәрігерге бармай, өз бетінше емделуді құптайды.

Олардың 54% бұрын қандай дәрі немесе емдеу тәсілі көмектескенін білетінін айтқан. 41% дәрігер қабылдауын ұзақ күтпеу үшін өздігінен емделсе, 28% медициналық көмекке тұрақты түрде баруға қаржылық мүмкіндігі болмағандықтан осындай жолды таңдайды. Ал 15% өздігінен емделудің жағымсыз салдарына тап болған.

Дәрігерге қолжетімділік басты мәселе болып отыр

Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттану деңгейі бір жылда 36%-дан 43%-ға өскен. Дегенмен медицина мамандарының тапшылығы мен дәрігердің қабылдауын ұзақ күту мәселесі әлі де өзекті. Тұрғындардың 59% осы проблемаларды негізгі қауіптердің бірі ретінде атаған.

Егер денсаулық сақтау жүйесіне қандай да бір өзгеріс енгізу құқығы пайда болған жағдайда азаматтардың 64% ең алдымен дәрігерлер мен емхана қызметтеріне қолжетімділікті жақсартатынын айтқан. 45% ауылдық және шалғай елді мекендердегі медициналық көмекті жақсартуды қалайды. Ал 43% кезекті қысқартып, медицина мамандарының санын көбейтуді ұсынған.

Цифрлық технологияларға қызығушылық жоғары болғанымен, қазақстандықтардың басым бөлігі дәрігердің тікелей кеңесін маңызды санайды. Тұрғындардың 74%-ы дәрігермен бетпе-бет кеңес алуды, ал 84% профилактикалық тексеруден өтуді жөн көреді.

«Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 71%  денсаулығына қатысты ақпарат алу үшін жасанды интеллектіні қолданатындарын айтқан. Бірақ бұл дәрігердің қажеті жоқ деген сөз емес. ЖИ адамға ауруы туралы көбірек білуге, дәрігерге қоятын сұрағын дайындауға және қосымша ақпарат алуға көмектеседі. Ал диагноз қойып, ем тағайындау кезінде дәрігердің білімі мен тәжірибесі, сондай-ақ қабылдаған шешіміне жауапкершілігі маңызды. Сауалнамаға қатысушылар «Адамдар өз денсаулығын қаншалықты өздері бақылайды?», «Денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселелер қандай?», «Қай жағдайда адам дәрігерге жүгінбей, өзі емделуді таңдайды?» деген сияқты негізгі сұрақтарға жауап берді», – дейді STADA Қазақстан компаниясының бас директоры Наталья Гарипова.

Жартысынан көбі профилактикалық тексеруден өтпейді

Зерттеуге сәйкес, қазақстандықтардың 56% ұсынылған профилактикалық тексерулердің ешқайсысынан өтпейді. 35% тек кейбір тексерулерден өтсе, барлық ұсынылған тексеруден небәрі 9% өтеді.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысушылардың 33 пайызы егер оған 100 еуро берілсе, онымедициналық тексеруге жұмсайтынын айтқан.

STADA Health Report зерттеуіне Қазақстан 2022 жылдан бері қатысып келеді.