Қазақстанда тоғыз айда отбасының берекесін алған тоқсан мың ер адам жазаланған
Олардың саны былтыр тіркелгендердің санынан 18 пайыз көбейіп кеткен
Бүгін Қазақстанның Ішкі істер министрлігі алқа отырысын өткізді. Сол алқа отырысында айтылғандай, Қазақстанда отбасының берекесін алып, жанжал шығаратын ер адамдар биыл көбейіп кеткен, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, тоғыз ай ішінде отбасында жанжал шығарған 90 мың ер адам әкімшілік жаза алған.
«Былтыр дәл осы уақытта дәл осы бап бойынша жазаланған ер адамдардың саны 18,4 пайыз аз еді. Ал биыл олардың саны көбейіп, тоғыз айда 90 мыңға жеткен. Олардың ішінде 25 мың ер адам әкімшілік жолмен қамалған», - деп хабарлайды ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұдан басқа, полиция 73 мың ер адамға әйеліне жоламау туралы бұйрық ұығарған.
«Осы 73 мың адамның ішінде 20,5 мың ер адам әйеліне қайта жақындап, мазасын алған. Сондықтан, баласы бар 4,5 мың әйел дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр болды», - деп хабарлайды полиция.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда Астанада жас келіншек бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан. Көлігін есік алдына қоя бергенде экс-күйеуі оны он алты жерінен пышақтап кеткен. Бірақ, ең сорақысы бұл әйел бұрынғы жолдасынан қорлық көріп жүргенін айтып, полицияға бірнеше рет арыз жазған. Алайда, полиция әрекет етпей, оның арты ауыр салдарға әкелді. Астана қаласы полиция департаментінің басшысы осы іске немқұрайлы қараған төрт полицейді жұмысынан шығарған болатын.