Бүгін, 09:05
Қоғам

Жылусыз қалған қалалар: ЖЭО-дағы апаттардан кейін қай шенеуніктер қызметінен қуылды

Үкімет басшысы Семей қаласының биылғы жылу беру маусымына дайын емес екенін айтты

Жылусыз қалған қалалар: ЖЭО-дағы апаттардан кейін қай шенеуніктер қызметінен қуылды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Үкіметтен шұғыл хабар жетіп, премьер-министр Олжас Бектенов күздің қара суығында Семей қаласының жылу беру маусымына дайын емес екенін айтты. Сонымен соңғы жылдары Қазақстанның қай өңірлерінің жылу беру желісінде апат болып, тұрғындары қиын жағдайда қалды. Ал салаға жауапты қандай шенеуніктер жазаланды? Azattyq Rýhy өткенге шолу жасап шықты.

Екібастұз бен Риддер

Жылусыз қалған өңірлер жайлы сөз қозғағанда ең алдымен 2022 жылы болған Екібастұз бен Риддер қалаларының жылу беру орталықтарындағы апат еске түседі. Күздің қара суығы мен қыстың қақаған аязы ұштасқан қараша айында екі бірдей қала жылусыз қалып, тұрғындары қиын жағдайда қалған еді.

Қоғамды дүр сілкіндірген Екібастұздағы жағдайдан кейін Павлодар облысының сол кездегі әкімі Әбілқайыр Сқақов президент жарлығымен қызметінен қуылған еді. Одан бөлек, «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Вадим Лесин де жұмысынан кеткен. Ал «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры, Екібастұз ЖЭО және Екібастұз жылу желілерінің бұрынғы директорлары қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылған еді.

Ал Риддердегі жағдай сәл басқаша өрбіді. Апатқа байланысты ШҚО-ның сол кездегі әкімі Даниал Ахметов жұмысынан босатылған жоқ. Риддер қаласының сол кездегі әкімі Дмитрий Горьковой те қызметінде қалды. Ол 2023 жылғы 21 сәуірге дейін, яғни қайтыс болғанға дейін әкім лауазымын атқарды. Тек апат болған ЖЭО-ның сол кездегі басшысы Олеся Имашева жөндеу жұмысына бөлінген қаражатты сыбайластарымен бірге жымқырды деген күдікпен үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Саран қаласындағы жағдай

Екібастұз бен Риддер қаласынан кейінгі ауқымды апат 2024 жылы қазан айында Қарағанды облысына қарасты Саран қаласында болды. Қазанның қара суығында жаңа орталық іске қосылмай, жылу беру маусымы толық басталмай қалған еді. Салдарынан қаладағы 80-нен астам тұрғын үй кешені жылусыз қалған.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов сол кездегі қала әкімі Еркін Баулықовты қатаң сынға алған. Кейіннен ол қызметінен қуылған еді. Ал облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жылу беру маусымына дайындықты тиісті деңгейде тексермегені үшін сөгіс алды.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің ақпараттарына көз жүгіртсек, соңғы жылдары ел өңірлеріндегі жылу желілерінде ірілі-ұсақты бірнеше апат болған.

Семейдегі ахуал

Өткен жылғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы 37 ЖЭО-ның 10-ы «қызыл аймақта» еді. Олардың арасында Семей, Теміртау, Петропавл, Ақтау, Павлодар, Степногорск, Орал, Қызылорда, Арқалық және Тараз бар. Осыған қарап-ақ Семей қаласының ерекше назарда болуының ерекше себебі барын байқауға болады.

Кеше премьер-министр Олжас Бектенов Семей қаласының жылу беру маусымына дайын емес екенін айтып, Абай облысы әкімінің орынбасарын тәртіп жауапқа тартуды ұсынған. Облыс әкімдігінің мәліметтеріне назар аударсақ, бұл салаға өңір әкімінің орынбасары Бекжан Бапышев жауапты. Осыған қарап Үкімет басшысының қаһарына жауапты орынбасары Бекжан Бапышев ілікті деуге болады. Мәліметтерге сүйенсек, ол облыс әкімінің орынбасары лауазымына биыл шілде айында тағайындалған.