Олар елдік мәселелерді көтеріп, қоғам назарын аударуға ұмтылған
Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қоғамның қордаланған проблемаларын көтеріп жүрген бірқатар тілші биыл өмірден өтті. Елдің мәселесін айтып, қоғамның назарын аударамын деп ақыры денсаулығы сыр берген журналистер фәниден бақиға аттанып кетті. Azattyq Rýhy тілшісі 2026 жылы өмірден өткен тілші қауымның өмір жолына қысқаша шолу жасап өтті.
Дәулет Ізтілеу. 2026 жылдың 12 қаңтарында журналист Дәулет Ізтілеудің өмірден өткен туралы қаралы хабар жетті. Журналистика саласын өмірінің бір бөлшегіне айналдырған тілші ұзаққа созылған дертінен сол қалпы айыққан жоқ. Дәулет Ізтілеудің өмір жолына үңіліп көрейік:
Фото: inform.kz
Ол 1984 жылдың 31 шілдесінде Қызылорда облысының Қазалы ауданына қарасты Абай ауылында дүниеге келген. 2010 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады.
Әйгерім Мейірханова. Журналист, сарапшы, БАҚ өкілдерін, баспасөз хатшыларын және қоғаммен байланыс саласының мамандарын бір ортаға топтастырып келген BAQ / БАҚ / ПРЕСС-ҚЫЗМЕТТЕРІ / PR кәсіби медиақауымдастығының әкімшісі Әйгерім Мейірханова 28 маусым күні 38 жасында өмірден өтті. Еңбек демалысын Алакөл жағалауында өткізіп жүрген журналистің кенеттен денсаулығы нашарлап, дәрігерлер жеткенге дейін қайтыс болған.
Фото: Туыстарының архивінен алынды
Әріптестері Әйгерімді ақжарқын, мейірімді, қамқор әрі жанашыр жан ретінде еске алды. Көптеген көңіл айту хабарламаларында оның адамгершілігі, әділдігі, кәсібилігі мен әріптестеріне деген құрметі ерекше аталған.
29 маусым күні Ақмола облысына қарасты Қосшы қаласында жай тауып, мәңгілік мекеніне аттанды.
Жұмабек Табынбаев. 11 шілде күні белгілі журналист, ақын, прозашы, 64 жасында өмірден озды. Ол саналы ғұмырын толықтай отандық журналистиканың дамуына арнап, түрлі БАҚ-та қызмет етті.
Фото: t.me/madenietaqparat
Ол 1962 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. Республикалық «Халық» газеті мен облыстық «Сыр бойы» газеттерінде ұзақ жылдар еңбек етті.
Оның «Өмір – керуен», «Соғыс туралы шындық» және «Жадымдасың, жарқын бейне» сияқты кітаптары жарық көріп, ұлттық әдебиеттен өз орнын алды.
Жоламан Бошалақ. Белгілі журналист, ақын, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты 1 қыркүйек күні 83 жасында өмірден озды.
Фото: Mangystau.news
Ол 1943 жылы Атырау облысына қарасты Ембі ауданының Тұрғызба ауылында дүниеге келген. Өмірі мен шығармашылық жолы Маңғыстау облысымен тығыз байланысты. Ұзақ жылдар бойы журналистика саласында еңбек етіп, өңірлік телевидение мен мерзімді баспасөздің дамуына үлкен үлес қосты.
Әр жылдары Маңғыстау облыстық телерадио компаниясында, «Коммунистік жол» және «Маңғыстау» газеттерінде қызмет етті. Сондай-ақ бас басылым – «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болды. Өз материалдарында өңірдің тыныс-тіршілігін кеңінен қамтып, Маңғыстаудың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өмірін оқырманға жеткізіп жүрді.
Юрий Мизинов. Журналист 10 қыркүйек күні 76 жасында өмірден өтті. «Навигатор» интернет-газетінің негізін қалаушылардың бірі, сонымен бірге ZonaKZ бас редакторы болды.
Индира Жылқайдарова. 2 қазанға қараған түні тележүргізуші әрі журналист Индира Жылқайдарова қайтыс болды. Тілшінің ауыр дертпен төрт жыл бойы күрескені хабарланды.
Фото: khabar
Индира Жылқайдарова журналистика саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, кәсіби тәжірибесін шыңдады. Саладағы жолының маңызды кезеңдері «Хабар» агенттігі мен «7 арнадағы» қызметімен байланысты. Сол сияқты бірнеше жыл бойы парламенттік журналистика саласында еңбек етіп, Мәжілістің жұмысы, депутаттардың бастамалары мен заң шығару барысын ақпарат құралдарында тұрақты түрде қамтыды.