Полиция Үстірттегі шетелдік туристтің бейәдеп әрекетіне қатысты пікір білдірді
Маңғыстау полиция департаменті оны тапты
Шетелдік турист қыз Маңғыстау облысындағы Үстірт платосының маңында бейәдеп әрекет жасап, оны видеоға түсіріп, желіге жариялаған еді. Маңғыстау облысының полициясы заң бұзған қызды іздеп тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желі қолданушылары оның әрекетіне наразылық білдіріп, оның әрекетін Қазақстанның табиғи нысанына және жергілікті мәдениетке деген құрметсіздік деп бағалаған.
Осы жағдайға қатысты Маңғыстау облысының Полиция департаменті пікір білдірді.
«Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында мемлекеттік табиғи қорық аумағында қыздың ұсақ бұзақылық жасағаны бейнеленген бейнежазба анықталды. Полиция қызметкерлері аталған құқық бұзушылықты жасаған шетел азаматшасының жеке басын анықтады. Тексеру барысында бейнематериалдардың оның Қазақстан аумағынан шығып кеткеннен кейін әлеуметтік желіде жарияланғаны белгілі болды. Аталған құқық бұзушылық дерегі бойынша материалдар одан әрі тиісті дипломатиялық өкілдікке жолдау үшін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жіберілді. Қазіргі уақытта бейнематериалдар жарияланған әлеуметтік желідегі аккаунт жойылған және қолжетімсіз. Маңғыстау облысының Полиция департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтау қажеттігін еске салады. Қоғамдық тәртіпті бұзудың кез келген дерегі үшін заңнамада белгіленген жауапкершілік қарастырылған», - деді Маңғыстау облысының Полиция департаменті.