Еңбек дауы, алаяқтық пен сот істері: «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдауына келген азаматтардың мәселесі қандай
«Әділет» партиясының орталық аппаратында қоғамдық қабылдау өтті
Бүгін Астанада «Әділет» партиясының орталық аппаратында қоғамдық қабылдау өтті. Құрылтай депутаты Гүлзира Атабаева азаматтарды жеке қабылдап, олардың еңбек, әлеуметтік және басқа да мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Депутаттың айтуынша, қабылдауға шамамен 12 адам жазылған. Азаматтар түрлі мәселеге қатысты көмек сұрап келген.
«Біз азаматтарға кеңес береміз, өтініш берушілер ұсынған материалдармен танысамыз және мәселелерді құқықтық алаң аясында шешу жолдарын қарастырамыз», – деді Гүлзира Атабаева.
Оның сөзінше, қоғамдық қабылдауға түскен өтініштердің арасында жеке азаматтың мәселесімен қатар, бірнеше адамға ортақ жүйелі проблемалар да бар. Мұндай жағдайда депутаттар алдымен өтініштерді талдап, кейін тиісті мемлекеттік органдарға жолдайды.
«Кейбір мәселелер қысқа мерзімде шешуді қажет етеді. Ал кейбірі ұзақ уақытты талап етеді және жүйелі, іргелі сипатқа ие», – деді ол.
Мәселен, қабылдауға келген Астана тұрғыны Дүйсенғали Айдарбек еңбек дауына байланысты шағымын жеткізді. Оның айтуынша, ол қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінде аула сыпырушы болып жұмыс істеген. Сәуір және мамыр айларындағы жалақысын алғанымен, кейінгі бірнеше айдың еңбекақысы төленбеген.
«Биыл 8 сәуірде аула сыпырушы болып жұмысқа кірдім. Сәуір мен мамыр айының жалақысын берді. Кейін маусым, шілде, тамыз және қыркүйектің 13-іне дейінгі жалақымды бермеді. Әртүрлі сылтау айтады. Бірақ қашан беретіні белгісіз», – деді ол.
Айдарбектің сөзінше, ол Бұқар жырау көшесі, 25 мекенжайындағы, «Заречное» деп аталатын тұрғын үй кешенінде жұмыс істеген.
Азамат қоғамдық қабылдауға бұдан бөлек, қызының басынан өткен алаяқтық мәселесімен де келген. Оның айтуынша, қызы үйіне жөндеу жұмыстарын жасату кезінде алаяқтарға алданып, 1,6 млн теңгеден астам қаржысынан айырылған.
Бұл іс бойынша отбасы сотқа жүгініп, жеңіп шыққан. Кейін сот шешімін орындау үшін атқарушылық іс жүргізуге берген. Алайда азаматтың айтуынша, қазір атқару құжатына қатысты мәселе туындап, жауапты тұлғамен байланысу мүмкін болмай отыр.
«Бұл мәселені «Әділет» партиясына айттым. Мәселені шешеміз деді. Алғысымды айтамын», – деді Дүйсенғали Айдарбек журналистерге.
Қоғамдық қабылдауда білім саласына қатысты мәселе де айтылды. Азаматтардың бірі мектеп мұғалімдеріне психологиялық қолдау көрсететін мамандар қажет екенін ұсынған.
«Жалпы, түрлі сипаттағы ұсыныстар түсіп жатыр. Біз оларды қарастырып, талдап, жинақтаймыз», – деді Гүлзира Атабаева.
Қабылдауға келген тағы бір азамат – мектеп оқушысының анасы. Ляззат Исмаилова былтыр баласын қосымша білім беру орталығына берген. Оның айтуынша, оқу жылы басталғаннан кейін көп ұзамай орталық жұмысын тоқтатқан.
Ата-ана орталықтың талабы бойынша баласының тоғыз айлық оқу ақысы үшін 780 мың теңге төлеген. Алайда білім беру ұйымы жабылғаннан кейін ақшасын қайтара алмаған.
Исмаилованың айтуынша, мәселе тек оның отбасына қатысты емес. Оның дерегінше, Астана мен Алматыда аталған орталыққа барған шамамен 5 мың ата-ана осындай жағдайға тап болған. Ал жалпы шығын көлемі 5 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін.
«Былтыр 6-сыныпта оқитын баламды Tesla Education білім беру орталығына берген соң, көп ұзамай жабылып қалды. Балам бір апта ғана оқыды. Оның өзінде сабақтарды дұрыс өтпеген. Орталықтың жабылып қалғаны туралы да ата-аналарға алдын ала ескертпеді. 9 айға төлеп қойған ақшамызды да қайтармады. Бір жылдан бері соттасып жатырмыз. Бірақ сот тым ұзаққа созылып кетті. Орталықта жұмыс істейтін ұстаздар мен менеджердің өзі бірнеше айдан бері жалақысын алмаған екен», - деді Ляззат Исмаилова.
Ата-аналар бұл мәселе бойынша сотқа да жүгінген. Былтыр іс Алматы қаласы Бостандық ауданының сотында қарала бастаған. Алайда арада бір жылға жуық уақыт өтсе де, ата-аналар қаражатын толық қайтара алмаған. Депутат бұл мәселе назарда болатынын жеткізді.
Депутаттың айтуынша, қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың өтініштері олардың жүгінген арнасына қарай қаралады.
«Егер олар e-Otinish арқылы жүгінсе, жауапты сол жүйе арқылы алады. Ал партияның Adlet.kz цифрлық платформасы арқылы өтініш берген азаматтарға жауап сол платформа арқылы беріледі», – деді ол.
Цифрлық сервистерді пайдалана алмайтын азаматтарға партия қызметкерлері телефон арқылы хабарласып, өтініштің қаралу барысын түсіндіреді. Сондай-ақ азаматтар қоғамдық қабылдау бөлмесіне өздері хабарласып, өтінішінің мәртебесін біле алады.