Бүгін, 12:33
Қоғам

Салық реформасы әсер етті ме: депутат кәсіпкерлер саны жарты жылда 200 мыңға қысқарғанын айтып, дабыл қақты

Құрылтай депутаты салық реформасының әсерін бағалауды ұсынды

Салық реформасы әсер етті ме: депутат кәсіпкерлер саны жарты жылда 200 мыңға қысқарғанын айтып, дабыл қақты
Фото: istockphoto.com

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Константин Авершин салық режимінің өзгеруі шағын және орта бизнеске қалай әсер еткенін жан-жақты талдауды ұсынды. Депутаттың айтуынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында жұмыс істеп тұрған ШОБ саны 200,7 мыңға қысқарған, ал жеке кәсіпкерлердің қызметін тоқтату көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Ол осыған байланысты премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат сөз басында президент салық реформасының негізгі міндеті тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету екенін бірнеше рет атап өткенін айрықша жеткізді.

«Әділет» партиясының сайлауалды науқаны барысында кәсіпкерлермен өткен кездесулердің басым бөлігінде салық заңнамасының өзгеруіне және оның шағын және орта бизнеске нақты әсеріне қатысты мәселелер көтерілді.

«Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 2 175 605 жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектісі болған. 2026 жылғы 1 шілдеде олардың саны 1 974 899-ды құрады. Осылайша, алты ай ішінде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің статистикалық саны 200 706-ға қысқарған. Тек Алматының өзінде бұл көрсеткіш 41 252 субъектіге төмендеген. Ұлттық статистика бюросы көрсеткіштің төмендеуін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режиміне көшуімен байланыстырады», – дейді депутат.

Оның айтуынша, салық органдарының деректері 2026 жылдың бірінші тоқсанында ғана 207 912 жеке кәсіпкердің жұмысын тоқтатқанын көрсетеді. Көрсеткішке сүйсенсек, 2025 жылдың осы кезеңінде – 82 874, 2024 жылы – 125 093.

«Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігі 2024-2025 жылдардың бірінші тоқсандарында жеке кәсіпкерлер қызметінің тоқтау деңгейі орта есеппен шамамен 104 мыңды құрағанын, ал қазіргі өзгерістердің қосымша әсері шамамен 100 мың кәсіпкерліктің жабылуы деңгейінде бағаланғанын жария мәлімдеген болатын. Осылайша, болып жатқан үдерістерді кәсіпкерлердің салықтық мәртебесінің техникалық өзгеруімен ғана байланыстыруға болмайды. Статистиканың артында нақты кәсіпорындар, жұмыс орындары, азаматтардың табысы, салық базасы және өңірлер экономикасының тұрақтылығы тұр. Сондықтан бизнестің жаңа жағдайларға бейімделуін жалпы сипаттаумен шектелмей, салық реформасының нақты салдарына объективті баға беріп, кәсіпкерлерге шамадан тыс ауыртпалық түсіретін шешімдерді мемлекет тарапынан уақтылы түзетуге дайындықты бағалау қажет», – дейді Константин Авершин.

Ол осыған байланысты Үкіметке бірқатар ұсынысын жеткізді:

1. 2026 жылы жеке кәсіпкерлер қызметінің тоқтатылу құрылымын толық ұсыну, оның ішінде:

  • кәсіпкерлік қызметін іс жүзінде тоқтатқан жеке кәсіпкерлердің санын;
  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режиміне көшкендердің санын;
  • жаңа салық жағдайлары енгізілгенге дейін нақты қызмет атқармаған субъектілердің санын;
  • жаңа салық талаптарына байланысты немесе жалпыға бірдей салық режиміне көшкеннен кейін жұмысын жалғастыра алмай, кәсібін тоқтатқан кәсіпкерлердің саны;
  • тиісті кезеңде жаңадан тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің санын жеке көрсету.

Аталған деректерді 2024 және 2025 жылдармен салыстыра отырып, сондай-ақ өңірлік және салалық бөліністе ұсыну.

2. Жаңа салық жағдайларының шағын және орта бизнестің нақты секторына іс жүзіндегі әсеріне баға беру, оның ішінде мына көрсеткіштердің динамикасын көрсету:

  • жұмыспен қамтылғандар саны мен жұмыс орындарының санын;
  • ШОБ субъектілерінің айналымын;
  • салық түсімдерін;
  • жаңадан құрылған және қызметін тоқтатқан субъектілер санын;
  • кәсіпкерлік қызметтің бейресми секторға ауысуын.

3. Талдау нәтижелері бойынша жаңа жағдайлардың шағын және орта бизнестің қызметіне кері әсері расталған жағдайларда салық заңнамасы мен құқық қолдану практикасына нақты түзетулер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

«Ұсынылған немесе қабылданған әрбір шешім бойынша қандай шаралар қолға алынатынын, оған қай мемлекеттік орган жауапты екенін және оны қашан жүзеге асыру жоспарланып отырғанын нақты көрсетуді сұраймыз. Біздің ойымызша, салық реформасының басты нәтижесі статистиканы сырттай жақсарту немесе кәсіпкерлерді бір салық режимінен екіншісіне ауыстыру болмауы керек. Ең маңыздысы – жұмыс істеп тұрған бизнесті сақтап, жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеу, жаңа кәсіп ашуға мүмкіндік жасау және тұрақты салық түсімдерін қамтамасыз ету. Қойылған мәселелердің әрқайсысы бойынша толық ақпаратты заңнамада белгіленген мерзімде ұсынуды сұраймыз», – деп Құрылтай депутаты сөзін қорытындылады.