«Вандализм қаупі жоғары аймақтар картасын» жасау: депутат Үкіметке ұсыныстарын айтты
Ол граффити салғандарды тұлғаны тану арқылы анықтауды ұсынды
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Мейрамбай Кемалов рұқсатсыз граффити мен көше вандализміне қарсы күресті күшейтуді ұсынып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Ол вандализм қаупі жоғары аймақтардың картасын әзірлеу, видеосараптама мен тұлғаны тану технологияларын тиімді пайдалану, сондай-ақ көше суретшілеріне арналған арнайы алаңдар мен қабырғалар бөлу жөнінде бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, депутаттық сауалға қала инфрақұрылымының бүлінуі және рұқсатсыз граффити салу фактілері негіз болып отыр.
«Мемлекет басшысының рұқсатсыз граффитиге қатаң тосқауыл қойып, оны вандализм мен бұзақылыққа теңестіру туралы тапсырмасынан кейін бұл мәселе айрықша өзекті бола түсті. Әкімшілік қамаудың қатаң түрлері енгізіліп, (ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша 20-дан 30 тәулікке дейін) және қылмыстық жауапкершілік күшейтілгеніне (ҚК-нің 294-бабы бойынша) қарамастан, көше вандалдары қоғамдық орындарға зиян келтіруді жалғастырып келеді», – дейді депутат сөз басында.
Ойын жалғай отырып, көшедегі вандализмге ықпал ететін бірқатар факторды мысалға келтіріп өтті.
«Біріншіден, вандализмді «ізін суытпай» анықтау және құқық бұзушыларды жедел түрде белгілеу жұмысының баяулығы. Мұндай әрекеттер адамдардың жауапкершіліктен құтылып кетемін деген түсінігін қалыптастырады. Әдетте оларды бірнеше минуттың ішінде, көбіне түнде жасайды. Қасақана әрекет ететіндер бетін маскамен жауып, капюшон киіп алады. Көбіне ғимараттардың қабырғалары, аялдамалар, жерасты өткелдері және басқа да қоғамдық орындар бүлінеді. Екіншіден, стрит-артпен заңды түрде айналысуға арналған урбанистік орындардың жетіспеушілігі», – дейді Мейрамбай Кемалов.
Президенттің тапсырмасын және «Заң және тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру мақсатында бірқатар шара қабылдау мәселесін көтерді:
- Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп – ғимараттардың қасбеттері мен басқа да қоғамдық орындарға графикалық және өзге де бейнелерді өз бетінше салуға толық тыйым енгізу мәселесін пысықтау;
Ішкі істер министрлігіне:
- тәулік бойы қауіп деңгейі жоғары аудандарға бейнебақылау жүргізу, нысаналы профилактикалық шаралар қабылдау, патрульдеуді, бейнебақылауды, жарықтандыруды және аумақтарды абаттандыруды күшейту үшін ҚСжАЕК-тің «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасына» ұқсас «Вандализм қаупі жоғары аймақтар картасын» құру (ол елді мекендердің географиялық координаттары бойынша осындай аудандарды нақты уақыт режимінде көрсететін болады);
- құқық бұзушылықтардың жолын жедел кесу үшін басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, қолданыстағы цифрлық жүйелер, соның ішінде «Сергек» негізінде видеосараптама және тұлғаны тану алгоритмдерін интеграциялау;
- Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне – әсіресе жастар арасында мұндай әрекеттердің заңсыздығы мен ықтимал салдары туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту;
- Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне заңды стрит-арт мәселелерін реттеу мақсатында қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларына (2026 жылғы 3 маусымдағы №282 бұйрық) өзгерістер енгізу;
Жергілікті атқарушы органдарға:
- осы нысандарды бояп шығу немесе бастапқы қалпына келтіру үшін жедел топтар құру;
- көше суретшілеріне арналған алаңдар мен қабырғалар бөлу.