Павлодар, Абай, ШҚО қашан газға қосылады: Ерлан Сайыр Үкіметтен жоспарды нақтылауды сұрады
Қазақстанның Солтүстік-Шығыс экономикалық макро-аймағында жалпы 3,5 млн адам тұрады
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыр Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерін газдандыру жоспарын нақтылауды ұсынды. Депутат Энергетика министріне «Есіл-Астана» газ құбыры жобасы іске қосылғаннан кейін Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын газбен қамту қандай сценарий бойынша жүзеге асырылатынын және бұл өңірлерді 2036 жылға қарай елді газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу жоспарына жеке енгізу мәселесін түсіндіруді сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін табиғи газбен қамтамасыз етуді мемлекеттік маңызы бар стратегиялық міндет ретінде бекітті.
«Үкімет 2036 жылға дейін елімізде газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу мақсатын қойып отыр. Сайлау алдындағы кездесулер барысында Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстары тұрғындары «Әділет» партиясы өкілдеріне осы аумақтарды газдандыру мәселесін көтеруді бірнеше рет сұрады. Солтүстік және Шығыс өңірлерді газдандыру, атап өткеніміздей ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларда көзделген. Дегенмен, 2026 жылы практикалық конфигурация өзгере бастады: солтүстік бағыт бойынша Петропавл, Көкшетау және Астананы газбен жабдықтауға бағдарланған «Есіл-Астана» магистральдық газ құбырының жеке жобасы жасалып жатыр», – дейді депутат.
Оның сөзіне сүйенсек, бұл ретте Павлодар облысы, Абай облысы және Шығыс Қазақстан облысы бойынша газбен жабдықтаудың нақтыланған дәрежедегі моделі ашық көздерге ұсынылмай отыр.
«Қазақстанның Солтүстік-Шығыс экономикалық макро-аймағында жалпы 3,5 млн адам тұрады. Еліміздің аграрлық саласы өнімінің 46 пайызын, өнеркәсіп өнімінің 21 пайызын өндіреді. Соған қарамастан 2025 жылы көшіп келушілер мен көшіп кетушілер арасында кері сальдо 27 мың адам болды. Оның басты себептерінің бірі – аймақтардың газбен қамтылмауы», – дейді Ерлан Сайыр.
Ол президенттің нақты тапсырмасын ескере отырып, энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтен мынадай мәселелерге түсініктеме беруді сұрады.
- «Есіл-Астана» жобасы пайда болғаннан кейін солтүстік – шығыс өңірлерді газдандырудың бұрын мемлекеттік жоспарларда көзделген бірыңғай моделі сақтала ма, әлде Солтүстік және шығыс бағыттарды дербес жобаларға бөліне ме?
- Іске асырудың негізгі кезеңдерін ескере отырып, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарына қатысты газдандырудың қандай сценарийі көзделіп отыр?
- Аталған өңірлер елімізді газдандырудың 80 пайыздық деңгейіне жету бойынша Энергетика министрлігі Жол картасына бөлек енгізіле ме?
Сөз соңында халықты газбен қамту әлеуметтік аса маңызды мәселе екенін, бұл ретте «Әділет» фракциясы мынадай қадамдар қажет деп есептейтінін жеткізді:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Солтүстік- шығыс экономикалық аймағын газдандыруды тездету.
- Құбыр тарту үшін мемлекеттік-жекешілік әріптестік, жеке инвестиция көздерін тарту.
- Елімізде ішкі газ көздерін іздестіруді тереңдету.
- Халық арасында бұл мәселенің шешілу тетіктері мен мерзімдері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізу.