Шұбарға газ тартылды: «Әділет» партиясы смарт-есептегіштер орнатуға көмектесіп жатыр
Тұрғындардың ескі механикалық есептегіштері смарт-құрылғыларға тегін ауысып жатыр
Көп жылдан бері үйлерін пеш жағып жылытып келген Астанадағы Шұбар шағын ауданының тұрғындары биыл газға қосылды. Бұл мәселе әкімдік өкілдерімен өткен жиындарда, қоғамдық қабылдауларда және «Әділет» партиясы ұйымдастырған кездесулерде бірнеше рет айтылған болатын. Енді жылыту маусымы қарсаңында шағын ауданда газ мамандарымен бірлесіп смарт-есептегіштер орнату жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Шұбардың 500 үйі қысқа дайын» әлеуметтік акциясы аясында тұрғындардың ескі механикалық есептегіштері тегін смарт-құрылғыларға ауыстырылып жатыр. Жаңа құралдарды орнатумен қатар мамандар оларды пайдалану тәртібі мен газ қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. «Әділет» партиясы бұл жұмысты бұған дейін газдандыру мәселесі бойынша жүгінген тұрғындарға көрсетілген көмектің жалғасы дейді.
«Бұл күнді қаншама жыл күттік»
Шұбар тұрғыны, зейнеткер Ольга Рыжова бұл күнді тұрғындардың көптен күткенін айтады. Оның үйіне газ ақпан айының соңында қосылған. Содан бері жылуға кететін шығын айтарлықтай азайған. Енді смарт-есептегіштің орнатылуы газ көрсеткішін беруді де жеңілдетпек.
«Газға көшкелі бері шығынымыз айтарлықтай азайды. Бұрын қыс айларында үйді электрмен жылытуға айына шамамен 140 мың теңге жұмсайтынбыз. Қазір бұл шығын 40 мың теңгенің айналасында. Смарт-есептегіш орнатылса, тіпті ыңғайлы болады. Көрсеткішті телефон арқылы хабарлап отырудың қажеті жоқ. Шұбарға газ тартылғанына қатты қуанып тұрмын. Осы іске атсалысқан барлық адамға алғысым шексіз. Бұл мәселе бойынша көп кездесу өтті, талай жерге өтініш айттық. Ең бастысы, ақыры айтылған сөз жерде қалмай, жүзеге асты. Бұл мәселенің шешілуіне «Әділет» партиясының қосқан үлесі зор деп есептеймін», – дейді Ольга Рыжова.

Жай есептегіш емес
«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ директоры Ержан Балабековтың айтуынша, жаңа есептегіштер газ көрсеткішін автоматты түрде қашықтан жібереді.
«Смарт-есептегіш газ көрсеткішін өзі автоматты түрде жібереді. Бұл төлемді есептеуді жеңілдетіп, қанша газ тұтынылғанын бақылауға көмектеседі. Есептегіш орнатылғаннан кейін мамандар тұрғындарға газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану жөнінде түсіндіреді. Шұбарда 500 осындай есептегіш орнатылады. Ал жалпы қала бойынша 1,5 мыңнан астам ескі есептегіш бар. Олардың барлығы жыл соңына дейін жаңасына ауыстырылады», – деді Ержан Балабеков.

Қазір Шұбарда 980 абонент газға қосылған. Акция аясында орнатылатын 500 смарт-есептегіштің барлығы Қазақстанда өндірілген.
Сөзден – іске
«Әділет» партиясының Есіл аудандық филиалының төрайымы Санира Жүсіпованың айтуынша, Шұбар тұрғындары қабылдаулар кезінде газ мәселесін жиі көтерген.
«Шұбарды газдандыру мәселесін тұрғындар кездесулерде де, қоғамдық қабылдауларда да көп көтеретін. Біз олармен бірнеше рет кездесіп, өздеріне барып, мәселені талқыладық. Әкімдік өкілдерімен, депутаттармен және салалық мекемелермен сөйлестік. Бастапқыда үш жылға жоспарланған жоба бір жылдың ішінде жүзеге асты. Бұл тұрғындар үшін өте маңызды оқиға. Олар үйлерін газбен жылытуды көп күтті», – деді ол.

Санира Жүсіпованың айтуынша, газ тартылғаннан кейін де тұрғындармен жұмыс жалғасып жатыр. Енді әр отбасының қандай көмекке мұқтаж екенін анықтап, соған қарай қолдау көрсету жоспарланып отыр.
«Қазір бұл жұмысты тұрғындармен жеке-жеке жұмыс істеу арқылы жалғастырып жатырмыз. Партия белсенділері және жастар қанатымен бірге әр отбасыға қандай көмек қажет екенін анықтауға тырысамыз. Әсіресе жалғыз тұратын қарттарға және күнделікті тұрмыстық мәселелерін өздігінен шешуге қиналатын адамдарға көңіл бөлеміз. Біз жай ғана акция өткізуді мақсат тұтпаймыз, оның адамдардың өміріне шынайы әсер еткенін көргіміз келеді. Сондықтан газ тартылғаннан кейін де тұрғындармен кездесіп, үйлеріне барып, туындаған мәселелеріне қолдан келгенше көмектесіп жүрміз», – деді Санира Жүсіпова.
Кездесу соңында Санира Жүсіпова Ольга Рыжованың үйінің ауласын ретке келтіруге партияның жастар қанатының өкілдері көмектесетінін айтты.

Осылайша «Әділет» партиясының қолдауымен Шұбардағы үйлерге газ тартылды. Алайда жұмыс мұнымен тоқтаған жоқ. Қазір бұрын пешпен жылынған үйлерге смарт-есептегіштер орнатылып жатыр. Жаңа құрылғылардың арқасында газ көрсеткішін қолмен тапсырып отырудың қажеті болмайды. Партия өкілдерінің айтуынша, акция аяқталғаннан кейін де осы бағыттағы көмек жалғаса береді.