«Әділет» депутаты түн тыныштығын бұзатын жүргізушілерді бақылаудың жаңа жүйесін ұсынды

Оның айтуынша, рұқсат етілмеген жарысты ұйымдастыратындар жауапкершіліктен тыс қалып жатыр 

«Әділет» депутаты түн тыныштығын бұзатын жүргізушілерді бақылаудың жаңа жүйесін ұсынды
Фото: ЖИ

«Әділет» партиясының депутаты Кендебай Адамбек түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті бұзатын мотоциклдер мен тюнинг жасалған автокөліктердің жүргізушілеріне қатысты бақылауды күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысы «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік болуы керектігін бірнеше рет атап өтті. Азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету – уәкілетті органдардың басты міндетінің бірі. Бұл ұстаным «Әділет» партиясының бағдарламасымен де үндеседі. Партия үшін заң үстемдігі – әділетті мемлекеттің негізгі қағидаты. Ал құқық қорғау жүйесін жетілдіру, ең алдымен, адам мүддесін қорғауға және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. «Әділет» партиясының бағдарламасында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» дегеніміз – азаматтардың шағымын жай ғана тіркеп қою емес, олардың көтерген мәселесіне дер кезінде нақты шешім қабылдап, нәтижесін көрсету. Бүгінде тұрғындар дәл осындай нақты әрекетті күтіп отыр. Қалалардың орталық көшесінде мотоциклдер мен тюнинг жасалған автокөліктердің жүргізушісі рұқсат етілмеген жарысты жиі ұйымдастырады. Олар жылдамдықты асырып, пиротехника қолданып, тұрғын үйлер орналасқан аумақта әдейі қатты шу шығарады. Бұл мәселе жол қозғалысы ережесін бұзу шеңберінен шығып, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселеге айналды. Сонымен қатар азаматтардың тынығуына, түнгі тыныштығына теріс әсер етеді. Алайда құқық бұзушылар көп жағдайда жауапкершіліктен тыс қалып жатады», - деді ол.

Кендебай Адамбек мұндай құқық бұзушылықтардың көп жағдайда азаматтардың шағымынан кейін ғана тіркелетінін атап өтті. Осыған байланысты ережеге бағынбағандарды автоматты түрде анықтайтын цифрлық жүйелерді енгізу қажеттігін айтты.

«Әділет» партиясының бағдарламасында цифрландыру азаматтардың өмірін жеңілдетіп, мемлекеттік органдардың жұмысын тиімді ету құралы ретінде қарастырылады. Мәселені шешудің бір жолы – шу деңгейінің шамадан тыс көтерілуін автоматты түрде тіркейтін акустикалық жүйе орнату. Шетелде мұндай тәсілдер қолданылады. Мысалы, АҚШ-та автоматты акустикалық камералар пайдаланылады. Кей жағдайда көлікті тәркілеу де қарастырылған. Германия мен Францияда түнгі рейдтер өткізіліп, арнайы жылжымалы зертханалар қолданылады. Қазір түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК, яғни 21 625 теңге айыппұл салынады. Мұндай жаза құқық бұзушылықты тоқтатуға жеткілікті әсер етпеуі мүмкін. Осыған байланысты рұқсат етілген шу деңгейінің асып кетуін автоматты түрде анықтау үшін арнайы акустикалық құрылғылар мен шу өлшегіштерді фото және бейнетіркеу жүйесіне біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосуды ұсынамыз», - деді ол.

Сонымен қатар депутат түнгі заңсыз жарыстардың алдын алу үшін патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан тұрақты бірлескен экипаждар құруды, техникалық талаптарды бұзған көліктерді заң бұзушылық толық жойылғанға дейін арнайы тұраққа қою мәселесін де қарастыруды ұсынды.

Депутат жолдағы кейбір құқық бұзушылықтарды ұсақ бұзақылық ретінде саралау тәртібін нақтылауды сұрады. Ол қоғамды әдейі және ашық түрде құрметтемеудің нақты белгісін, сондай-ақ дәлелдемелерді жинау тәртібін белгілеу керек екенін айтты.