Жер дауы, жүргізушілер жауапкершілігі және спорттағы заңсыздық: «Әділет» депутаты азаматтарды қабылдады

Азаматтар заң саласына қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты 

Жер дауы, жүргізушілер жауапкершілігі және спорттағы заңсыздық: «Әділет» депутаты азаматтарды қабылдады
Фото: Azattyq Rýhy

«Әділет» партиясының Орталық аппаратында Құрылтай депутаты Айжан Аймағанованың азаматтарды жеке қабылдауы өтті. Оған еліміздің түрлі өңірлерінен келген 26 азамат қатысып, тұрғын үй, жер қатынастары, сот шешімдерінің орындалуы, жеке сот орындаушыларының әрекеті және әлеуметтік-құқықтық мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді. Кездесу барысында азаматтар жеке мәселелерімен қатар, қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстарын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шымкент қаласынан келген көпбалалы ана Гүлбану Нұрлыбай депутатқа бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан жер дауы туралы айтты. Оның сөзінше, бір кездері өзіне тиесілі болған жер учаскесі жер кадастры базасынан алынып тасталған. Кейін жердің бір бөлігі басқа тұлғаларға берілген. Қазір учаскенің аумағында заңдастырылған қоймалар орналасқан.

«1,2 гектар жердің қазір 28 сотығы ғана менде қалды. Қоймалардың астындағы жерді де өз атыма рәсімдегім келді. Ол үшін жерге орналастыру жобасын жасап, әкімдікке келісуге бердім. Бірақ әкімдік жобаны келісуден бас тартты, себебін де көрсетпеді. Кейін қоймалардың астындағы жерді басқа адамға беріп қойғанын айтты. Бұл мәселе бойынша сотқа да жүгіндім. Сот барысында әкімдік өкілдері жерге қатысты қаулының күші толық жойылған деп ақпарат берген. Бірақ шын мәнінде қаулының тек бір бөлігі ғана заңсыз деп танылған. Осы ақпаратқа байланысты бірінші сатыдағы сот менің талабымды қанағаттандырмады. Кейін қалалық сот істі қайта қарауға жіберді. Қазір өзімде қалған 28 сотық жерге де мемлекеттік акт ала алмай отырмын. Әртүрлі себеп айтылады. Осы мәселені шешуге көмектессеңіз», – деді Гүлбану Нұрлыбай.

Айжан Аймағанова мәселені бақылауына алып, құжаттарды зерделеу қажеттігін айтты.

«Сіздің мәселеңіз оңай емес. Бірнеше жылдан бері созылып келе жатқан дау. Сондықтан алдымен барлық құжатты жинап, жердің кадастрлық базадан қандай негізде алынып тасталғанын және қазіргі құқықтық мәртебесін анықтау қажет. Өтінішіңізді тіркеп, тиісті мемлекеттік органдардан ақпарат сұратамыз», – деді депутат.

Қабылдауға келген қоғам белсендісі Гүлзат Алмажанова жүргізушілерге қатысты заңнаманы жетілдіруді ұсынды.

Оның айтуынша, алкогольдік масаңдықты анықтайтын қолданыстағы промилле көрсеткішіне байланысты қымыз немесе жүзім сияқты табиғи өнімдерді тұтынғаннан кейін де жүргізушілер жауапкершілікке тартылатын жайттар жиі кездесіп жүр.

«Біз мас күйінде көлік жүргізгендерді жауапкершіліктен босатуды сұрап отырған жоқпыз. Керісінше, бұл бағытта жауапкершілікті күшейту туралы да ұсыныстарымыз болды. Бірақ осындай жағдайға түсіп кінәсіз адамдардан шағым көп түседі. Бұл мәселені шешу үшін ведомствоаралық жұмыс тобына кіруіміз керек», – деді Гүлзат Алмажанова.

Белсенді жүргізушілерді алкогольдік масаңдыққа тексеру кезінде қолданылатын алкотестерлерге қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, кей азаматтар құрылғының көрсеткішіне келіспей, қан талдауын тапсыруды сұрағанымен, мұндай мүмкіндік берілмеген жағдайлар болған.

Айжан Аймағанова осы ұсынысты қолданыстағы заңнаманы өзгерту аясында қарастыруға болатынын айтты.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізіледі деп жатыр. Алкоголь мөлшеріне, яғни промиллеге қарай белгілі бір айырмашылық енгізу қажет шығар. Мен жұмыс істейтін комитетте қазір бірнеше заң жобасы бар, соның қайсысына осы ұсынысты енгізуге болатынын қарап шығамын. Ал жұмыс тобына қатысуға келсек, депутаттар өз сарапшыларын ұсына алады. Егер осы бағытта тәжірибеңіз бен біліктілігіңізді растайтын құжаттарыңыз болса, маған жіберіңіз. Аты-жөніңіз бен байланыс нөміріңізді қалдырыңыз, өзім сізге хабарласамын. Құзыретіңіз расталса, жұмыс тобына сарапшы ретінде қатысу мүмкіндігін де қарастырамыз», – деді Айжан Аймағанова.

Қабылдауда спорт саласының өкілі Асқар Ұранхаев та ұсынысын айтты. Ол спорттық жарыстардың нәтижесіне қасақана заңсыз араласу, төрешілерге, спортшыларға немесе лауазымды тұлғаларға қысым жасау, сондай-ақ келісілген матчтарды ұйымдастыру үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бірқатар елдердің заңнамасында спорттық жарыстардың нәтижесіне заңсыз ықпал етуге қатысты арнайы нормалар бар. Қазақстанда да спорттағы заңсыздықтардың алдын алу үшін заңнаманы осы бағытта жетілдіру қажет.

«Спортта реформалар жүріп жатыр. Соған сәйкес заңнама да қатар дамуы керек. Спорттық нәтижеге заңсыз ықпал етуге нақты жауапкершілік белгіленсе, саладағы тәртіп күшейетін еді», – деді Асқар Ұранхаев.

Айжан Аймағанова ұсынысты назарға алып, оның құқықтық тұрғыдан зерделенетінін айтты.

«Сіздің ұсынысыңыз өте жақсы. Қазіргі уақытта бізде бірнеше заң жобасы бар, қылмыстық заңдарға байланысты. Біз спортты дамытып, оны жаңа деңгейге көтеруге ұмтылуымыз керек. Егер осы салаға қандай да бір араласу болып жатса, оған жауапкершілік қарастыруға болады. Бірақ алдымен мұндай әрекеттер қолданыстағы заңнама аясында жауапкершілікке жатпай ма, соны зерттеп алу қажет. Сізде сөзіңізді растайтын құжаттар болса маған жіберіңіз», - деді Аймағанова.

Кездесу барысында көтерілген бірқатар мәселе депутаттың бақылауына алынып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын сауалдар мен ұсыныстар пысықталатын болды.