«Жалған ақпаратқа жедел жауап беру керек»: тарихи деректі фильмнің авторлары «Әділет» бастамасын қолдады

Майя Бекбаева тарихи деректің арқалайтын жүгі ауыр дейді

«Жалған ақпаратқа жедел жауап беру керек»: тарихи деректі фильмнің авторлары «Әділет» бастамасын қолдады
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін Құрылтай отырысында «Әділет» партиясының депутаты Шолпан Каринова әлеуметтік желіде тарайтын тарихи деректерге қатысты маңызды мәселені көтеріп, депутаттық сауал жолдаған еді. Оның айтуынша, бүгінде жастар ақпаратты көбіне TikTok, Instagram және YouTube арқылы алады, сондықтан Қазақстан тарихы туралы контенттің сапасы мен дереккөзін бақылаудың маңызы артқан. Депутат әлеуметтік желілердегі бұрмаланған тарихи ақпаратқа кәсіби әрі жедел жауап беретін жүйелі тетік қажет екенін айтты. Бұл бастаманы Azattyq Rýhy тілшісіне пікір білдірген журналист, тарихи деректі фильмдердің авторы Майя Бекбаева да қолдап отыр. Оның сөзінше, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жадын күмәнді дерекпен, бұрмаланған мәліметпен улауға болмайтынын айтқан.

«Меніңше, Президенттің тарихи деректерді бұрмалауға қатысты айтқан пікірі өте өзекті әрі дер кезінде айтылған мәселе. Жалған ақпаратқа міндетті түрде жедел жауап берілуі керек: нақты ненің бұрмаланғанын түсіндіріп, оны сенімді тарихи дереккөздермен дәлелдеу қажет. «Әділет» фракциясының тарихи контенттің ғылыми негізділігін қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарына келсек, оның нақты тетіктері қандай болуы керектігін мамандар айқындауы тиіс деп ойлаймын. Дегенмен тарихи жады мен ұлттық құндылықтарды насихаттайтын заманауи медиажобаларды қолдау бастамасын толық қолдаймын, - деді ол.

Тәжірибелі журналист YouTube, Instagram және TikTok платформаларына қызықты тарихи видеолар жасау да үлкен шеберлікті талап ететінін айтты. Ол осы саладағы қиындықтар мен оларды шешу жолдарын ұсынды.

«Бүгінде YouTube, Instagram және TikTok платформаларына қызықты тарихи видеолар жасау да үлкен шеберлікті талап етеді. Тек тексерілген деректерді баяндау жеткіліксіз, көрерменді баурай білу маңызды. Ол үшін аудиториямен жұмыс істей алатын, камера алдында еркін сөйлейтін, харизмасы бар әрі тарихты терең білетін авторлар мен блогерлер қажет. Жас блогерлердің көбі ойын-сауық, жұлдыздар, тренд пен әзілге құрылған контентті таңдайды. Өйткені ондай дүниелер тезірек таралып, көп қаралым жинайды. Ал тарихи тақырып мүлде басқа деңгейдегі еңбекті қажет етеді. Ол үшін дереккөздерді зерттеу, ғалымдармен кеңесу, әрбір фактіні мұқият тексеру керек. Осыншасма ауқымды жұмыс орындалса да, соған сай қаралым мен табыс әкеле бермейді. Сондықтан мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болса, сапалы тарихи контент жасауға талантты авторлардың көбірек келуіне мүмкіндік туар еді», - деді ол.

Майя Бекбаева өз командасының осы бағытта көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Айтуынша, жобалар жетекші тарихшылармен, археологтармен, зерттеушілермен, ғылым докторлары және профессорлармен бірлесіп жүзеге асырылады. Өйткені Қазақстан тарихын кең аудиторияға қызықты әрі түсінікті етіп жеткізумен қатар, тарихи дәлдікті сақтау өте маңызды дүние.

«Біз жетекші тарихшылармен, археологтармен, зерттеушілермен, ғылым докторлары және профессорлармен бірлесіп жұмыс істейміз. Қазір Шоқан Уәлиханов туралы жобаны әзірлеп жатырмыз, бұған дейін Жошы хан туралы ауқымды жоба жасадық. YouTube арнамызға тарихшылар, саясаттанушылар және өзге де сарапшылар тұрақты түрде келеді. Біздің мақсатымыз - Қазақстан тарихын кең аудиторияға қызықты әрі түсінікті етіп жеткізе отырып, оның ғылыми дәлдігін сақтау. Бұл жұмыстың тағы бір қиындығы - халқымыздың тарихына қатысты көптеген материалдардың ұзақ жылдар бойы құпия сақталуы және архивтерге қолжетімділіктің әлі де оңай болмауы. Сондықтан қолдау тек зерттеулерге ғана емес, сол ғылыми нәтижелерді заманауи, тартымды медиажобаларға айналдыруға да қажет. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан бұл бағытқа көңіл көбірек бөлініп келе жатқанын байқап отырмыз. Бізге дәл осындай қолдау қажет», - деп сөзін түйіндеді ол.