Облыстардың тазалық рейтингісі пайда болады: Қарин ішкі саясаттағы ең үлкен үш құндылықты жария етті
Вице-президент нақты бағыттар мен олардың міндеттерін атап берді
Болашақта Қазақстанда қай облыс қай облыстан таза екенін анықтайтын рейтинг және ұлттық тазалық стандарты енеді. Бұл туралы ішкі саясаттағы басымдықтарды таныстырған вице-президент Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол бұл басымдықтарды телеграмм-арнасында таныстырды. Вице-президент жазғандай, енді еліміздегі ішкі саясат құндылық, этика және болашақ деген үш ірі бағытқа бет алады.
Бірінші – конституциялық құндылықтар
Қариннің айтуынша, бұлар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларындағы стратегиялық бағытты негізі. Бұл – Заң және Тәртіптің үстемдігі, жалпыұлттық бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім, мәдениет және білім, ғылым және инновациялар, еңбекқорлық және прогресс құндылықтары, қоршаған ортаға қамқорлық, жауапты әрі жасампаз патриотизм.
Бұл бағытта нақты не орындалатыны және қандай нәтиже күтілетіні туралы вице-президент былай дейді:
«Салалық органдар Президенттің «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлығын және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған Конституцияны ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын тыңғылықты түрде іске асыруға баса назар аударуға тиіс. Ата Заңның негізгі ережелерін түсіндіріп, конституциялық құндылықтарды дәріптеуге қатысты жүйелі сараптамалық-әдістемелік, ақпараттық және мәдени-ағартушылық жұмыстар жүргізу қажет».
Екінші – жаңа қоғамдық этика
Бұл қоғамда прогрессивті нормалар мен мінез-құлық үлгілерін орнықтыруды, өзіндік құндылықтар негізін нығайтуды, қоғамдық өмірді кері тартуға және тарихи фактілерді бұрмалауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруды білдіреді, дейді Қарин.
Бір айта кетерлігі, енді бұл бағыттағы жұмыстың бірі – «Таза Қазақстан» акциясына қатысты болады. Яғни, енді бұл акция аясында қай облыс қай облыстан таза екені рейтинг арқылы белгілі болады.
«Заң және Тәртіп» қағидатын практикалық тұрғыда іске асыруға, «Таза Қазақстан» жобасын сапалы жүргізуге және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға ерекше назар аударылуға тиіс. Жұмыстың жаңа тәсілдері мен форматтары қажет. Атап айтқанда, бірыңғай цифрлық платформа құру, ұлттық тазалық стандарты мен өңірлердің тазалық рейтингін енгізу арқылы Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын кең ауқымда іске асыру керек», - деп жазды вице-президент.
Үшінші – болашаққа ұмтылыс
Бұл бағыт та ішкі саясаттың ең маңызды саласы.
«Бұл – ғылым мен білім, инновациялар мен технологиялар, мәдениет пен ағартушылық арқылы адам капиталын дамытуға баса мән беру. Тұжырымдамалық бағыт Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген стратегиялық құжаттарда айқындалған. Бұл – ең алдымен «Қазақстан балалары», «Оқитын ұлт», «Digital Qazaqstan» және басқалары. Негізгі мақсат – болашаққа сеніммен қарайтын күшті мемлекет пен прогрессивті қоғам құру», - дейді Қарин ішкі саясаттағы осы бағытқа тоқтала отырып.
Осылайша, вице-президент жазғандай, осы үш басымдықтың бәрі ең алдымен «біз қандай қоғам құрып жатырмыз және қандай елде өмір сүреміз( деген басты сұрақтарға жауап беріп отыр.
«Бұл үшін жасампаз күн тәртібі мен конституциялық құндылықтарды ұстануымыз керек», - деді Қарин сөз соңында.