Қазақстандықтардың 86,7% президенттің жұмысы мен бастамаларына сенім танытады - зерттеу

Бұл Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген 2026 жылдың III тоқсанындағы қоғамдық-саяси ахуалға қатысты зерттеу нәтижесінде белгілі болды

Қазақстандықтардың 86,7% президенттің жұмысы мен бастамаларына сенім танытады - зерттеу
Фото: ЖИ

Қазақстандықтардың басым бөлігі негізгі мемлекеттік институттарға сенім білдіреді және елдегі жағдайды оң бағалайды. Бұл Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген 2026 жылдың III тоқсанындағы қоғамдық-саяси ахуалға қатысты зерттеу нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Зерттеу бойынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім білдіретін азаматтардың үлесі 86,7% жеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 пайыздық тармаққа жоғары.

Зерттеу авторлары сенім деңгейінің жоғары болуын қоғамның елде жүзеге асырылып жатқан өзгерістерден хабардар болуымен байланыстырады. Сауалнамаға қатысқандардың 65,8% президенттің бастамалары туралы ақпаратты тұрақты түрде оқып тұрамыз деген.

Азаматтар Мемлекет басшысының бірқатар бастамаларын да қолдайтынын білдірген. Үшінші тоқсанда ең көп қолдау тапқан ұсыныстардың қатарында бір палаталы Құрылтайға көшу, 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау, сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында жинақталған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім алуға пайдалану бастамалары бар.

Сонымен қатар технологиялық даму, атом энергетикасы, білім мен ғылым салаларындағы реформалар және «Таза Қазақстан» бастамасы қоғамның айтарлықтай қызығушылығын тудырған.

Зерттеу нәтижесі азаматтардың елдегі өзгерістерге деген көзқарасы тек жалпы даму бағытымен шектелмейтінін көрсетеді. Қоғам жаңа технологиялар, адами капитал, өмір сапасы және мемлекеттік институттардың жұмысына қатысты нақты шешімдерге де назар аударып отыр.

Жалпы, зерттеу қорытындысы бойынша үшінші тоқсанда мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейі тұрақты сақталып, елдегі ахуал азаматтардың басым бөлігі тарапынан оң бағаланған.