«Тапсырманы кеш жіберсек, апай ұрсады» - Қажымұқан балалары интернет сұрап, бас көтерді
Қажымұқан ауылында интернеттен басқа да проблема жетерлік
Нұр-Сұлтан қаласынан 10 шақырымдай жерде орналасқан Қажымұқан ауылында интернет байланысы нашар. Қыркүйек жақындап, онлайн оқуға дайындала алмай отырған оқушылар мен ата-аналар бүгін бас көтеріп, уәждерін айтты. Azattyq Rýhy тілшісі елдімекеннен фото, бейнерепортаж ұсынады.
Округ орталығы Талапкер ауылына жақын орналасқан үйлер ғана 4G жылдамдығына қосыла алады. Шеткеріде тұратын балалар жылдамдықты күшейту үшін шатырға шығады.
«Апай бізге 1-тоқсан онлайн оқисыңдар дейді. Бірақ біз қалай оқитынымызды білмейміз. Сеть ұстамайды. Аудиожазба да, видео, фото да ашпайды. Апайға тапсырманы кешірек жіберсем, маған ұрсады, екі қояды. Кейде қораның төбесіне шығамыз. 4 бала 1 телефон пайдаланамыз», - деп айтты 6-сынып оқушысы Назым Нұрғазы.
Көктемгі карантин кезінде балаларға үйден оқу қиын болғандықтан, көбінің үлгерімі нашарлап кеткен.
«Бізде интернетте «Н» жылдамдығы әрең ұстайды. Орталықтың өзінде екі-ақ таяқша ұстайды. Баламызбен 1-сыныпты әрең оқыдық. Сотканы терезенің алдына іліп қоямыз. Апай таңғы 9-10 жіберген тапсырманы 12-ге дейін әрең ашамыз. Ашпаса көршіге барып сұраймыз. «Қазақтелеком» келіп, ескі ауылға орнатқандарын айтты. 4,5 шағын аудандар – жаңа ауылдар ғой. Оларда әлі құжат жоқ. Сондықтан мүлдем тарта алмайды екен. Министрлікке де хат жібердік. Әлі жауап жоқ. Мұғалімдер қыркүйекте үйден оқисыздар деп жатыр», - деді ауыл тұрғыны Әсел Серікқазы.
«Сабақты басқалар үстел үстінде оқыса, біз терезенің алдында оқимыз. Заңда барлық бала білім алуға құқылы делінсе де, біз үшін ол мүмкін жағдай болмай тұр. Білім министрлігі соны жөндеп берсе жақсы болар еді», - дейді 9-сынып оқушысы Амина Кенжетай.
Интернет жоқтығының зардабын тартқан балалар жиналып, бірге «Интернет жоқ» деп айқайлады.
Ал Талапкер ауылдық округі әкімдік өкілдері қыркүйекке дейін интернет қосып беруге көмектесетінін жеткізді.
«Бізден Кар-Тел (Beeline) компаниясы интернет мачталарын қою үшін Талапкер мен Қажымұқанның орталығынынан жер сұрады. Өтініш қазір ауданда қарауда жатыр. Компания жер құжатының жобасын дайындаса, тамыздың аяғына дейін интернет болады», - деді әкімдіктің бас маманы Сәрсен Сексенбаев.
Қажымұқан ауылында интернеттен басқа да проблема жетерлік. Жолдар салынбаған, су мен жарық жиі ажыратылады.
Абай Сейфулла, Нұрсұлтан Біләл, Нұр-Сұлтан