Алматыда дәрігерлер өкпесі 90% зақымданған әйелді босандырып алды
Ол перзентханаға жоғары температура, жөтел және ентігумен түскен
Алматы қаласындағы №2 перзентханаға 23 жастағы әйел жүктіліктің 38 аптасында жоғары температура, жөтел және ентігумен түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Науқасты тексеру кезінде дәрігерлер COVID-19, екі жақты полисегментарлы пневмония диагнозын қойған. Сонымен қатар оның өкпесінің 90%-ы зақымданған.
«Науқас жансақтау бөліміне жатқызылған күннің ереңінде толғақ басталған. Перзентхана дәрігерлерінің командалық жұмысы мен олардың үйлесімді әрекеттерінің арқасында салмағы 3 келіден асатын бала дүниеге келді. Алайда босанғаннан кейін науқастың жағдайы өте ауыр болды. Ол 27 күн бойы инвазивті емес өкпені жасанды желдету әдісі арқылы реанимацияда болды. Тек 29 шілде күні ғана науқастың жағдайы жақсарып, бейінді бөлімшеге ауыстырылды», - деп жазылған хабарламада.
Жас ана №2 перзентхананың барлық медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.