Зайырлы мектеп және діни сенім: сарапшы ата-аналарға маңызды мәселені түсіндірді

Дінтанушы ересектер арасындағы діни пікірталастардың салмағын балаға түсіру дұрыс емес дейді

Зайырлы мектеп және діни сенім: сарапшы ата-аналарға маңызды мәселені түсіндірді
Фото: ЖИ арқылы жасалды/Әбілқасым Есентаев

Қыркүйек жақындаған сайын әлеуметтік желілерде мектеп формасы мен діни атрибутикаға қатысты пікірталас қайта жанданады. Бір тарап қолданыстағы талаптарды қолдаса, енді бірі діни сенім бостандығына қатысты мәселе көтереді. Алайда бұл тақырыпты тек киім үлгісіне қатысты дау ретінде қарастыру аз. Оның астарында зайырлылық, баланың құқығы, діни сенім және ортақ қоғамдық ортадағы өзара құрмет мәселелері жатыр, деп жазады Azattyq Rýhy.

Дінтанушы, Алматы қаласы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Елнар Берікбаев мектептегі діни атрибутика төңірегіндегі пікірталаста ең алдымен мектептің негізгі міндетін ескеру қажет деп санайды.

Оның айтуынша, мектеп – баланың білім алып қана қоймай, қоғаммен араласуды, өзге адамдармен тіл табысуды үйренетін ортасы. Бір сыныпта түрлі ұлт пен дін өкілдерінен шыққан балалар оқуы мүмкін. Сондықтан мұндай ортада ортақ талаптың болғаны дұрыс дейді.

«Мектеп – ең алдымен білім, тәрбие және әлеуметтену кеңістігі. Ол түрлі ұлт, дін, мәдениет және отбасылық дәстүр өкілдерінің балаларын біріктіреді. Сондықтан бірыңғай мектеп формасының мақсаты – біреудің сенімін шектеу емес, барлық оқушыға тең жағдай жасалатын бейтарап білім беру ортасын қалыптастыру», – дейді Елнар Берікбаев.

Сарапшы мектеп формасын діни сенімге қойылған шектеу ретінде қабылдауға асықпау керегін айтады. Оның пікірінше, ортақ форма оқушылар арасындағы сыртқы айырмашылықтарды азайтып, бәрін бір мектеп ұжымының мүшесі ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.

«Мектеп формасының мақсаты – біреудің дінін жоққа шығару емес. Ол оқушылар арасындағы әлеуметтік, мәдени немесе діни айырмашылықтарды алдыңғы орынға шығармай, олардың бәріне ортақ білім беру ортасын қалыптастыруға қызмет етеді», – деп түсіндіреді ол.

Елнар Берікбаев бұл жерде баланың жас ерекшелігіне де назар аударады. Өйткені кәмелетке толмаған баланың дүниетанымы әлі қалыптасып жатыр. Оның діни көзқарасы көбіне отбасының ұстанымымен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан ересектер арасындағы діни пікірталастардың салмағын балаға түсіру дұрыс емес.

«Бала әлі өзінің тұлғасын, дүниетанымын және жеке көзқарастарын қалыптастыру кезеңінде болады. Оның діни ұстанымы көп жағдайда отбасының көзқарасымен тығыз байланысты. Сондықтан мемлекеттік мектеп барынша бейтарап орта болып қалуы керек. Мұнда ең бастысы – баланың білім алуы, өз қатарларымен араласуы және қауіпсіз ортада тәрбиеленуі», – дейді сарапшы.

Осы тұста зайырлылық ұғымына қатысты қоғамдағы түсінікке де тоқталған жөн. Сарапшының пікірінше, зайырлы ортаны дінге қарсы кеңістік ретінде қабылдау дұрыс емес. Діни сенім адамның жеке өмірінің бір бөлігі болуы мүмкін, алайда оның сыртқы көрінісі адамның дінилігін бағалаудың жалғыз өлшемі емес.

«Сенім ешқашан тек сыртқы атрибуттармен шектелмейді. Сыртқы символдың діндар адам үшін өзіндік мәні болуы мүмкін, алайда ол діни ұстанымның жалғыз көрсеткіші емес. Адамның адалдығы, айналасындағыларға құрметі, жауапкершілігі, ізгілігі, білімге ұмтылысы және өзге көзқарастағы адамдармен бейбіт өмір сүре білуі әлдеқайда маңызды», – дейді Елнар Берікбаев.

Яғни діндарлықты тек адамның сыртқы келбетіне қарап бағалау аздық етеді. Бұл жерде мәселе адамның қандай сенімді ұстанатынында ғана емес, сол сенімін қоғамдағы өзге адамдардың құқығы мен таңдауына құрметпен үйлестіре білуінде.

Сарапшының ойынша, осыны дұрыс түсіндірудің өзі діни сауаттылықпен байланысты. Қоғамда діни мәселеге қатысты қандай да бір пікір айтылған кезде адамдар оның заңдық және діни негізін ажырата білуі керек. Әсіресе әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың барлығын бірдей шындық ретінде қабылдамау маңызды.

«Бүгінде адам діни ақпаратты әлеуметтік желіден өте көп алады. Бірақ кез келген ақпараттың дұрыс немесе бұрыс екенін ажырату үшін белгілі бір деңгейде діни сауат қажет. Сондықтан азаматтар ақпаратты сенімді дереккөздерден алып, кез келген пікірге сыни көзқараспен қарауы керек», – дейді ол.

Бұл мәселе дін саласындағы мемлекеттік ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызын да көрсетеді. Алматыда тұрғындардың әртүрлі санаттарымен ақпараттық кездесулер өтіп, сарапшылар зайырлылық, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, деструктивті діни ағымдардың қаупі және діни сауаттылық мәселелерін түсіндіреді. Мұндай жұмысқа ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі ретінде Елнар Берікбаев та қатысады.

Оның пікірінше, түсіндіру жұмысының мәні адамдарға белгілі бір ұстанымды күштеп қабылдатуда емес, діни мәселелерді дұрыс түсінуге жағдай жасауда жатыр. Бұл ретте қоғамдағы әртүрлі көзқарастардың бар екенін ескеру қажет.

Діни тақырыптағы түсіндіру жұмыстары қоғамдық келісім мәселесімен де тікелей байланысты. Себебі Қазақстанда түрлі конфессия мен мәдениет өкілдері бір қоғамдық кеңістікте өмір сүреді. Олардың бір-бірінің сенімі мен ерекшелігіне құрметпен қарауы тұрақтылықтың маңызды шарттарының бірі.

Берікбаевтың сөзінше, қоғамдық келісім сыртқы айырмашылықтарды жою деген сөз емес.

«Адамдардың діни немесе мәдени ерекшеліктері болуы – қалыпты жағдай. Маңыздысы – сол айырмашылықтарға қарамастан бір қоғамда бейбіт өмір сүре білу. Өзге адамның көзқарасын құрметтеу, оның құқығын мойындау және ортақ ережелерді сақтау – қоғамдық келісімнің негізі», – дейді сарапшы.