Ұлыбританиядан Моңғолияға дейін: Кеншілер күні Қарағандыға 250 мың көрермен жиналды

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей ұйымдастырушыларға алғысын білдірді

Ұлыбританиядан Моңғолияға дейін: Кеншілер күні Қарағандыға 250 мың көрермен жиналды
Фото: скриншот

Қарағандыда Кеншілер күні мерекесі бұрын-соңды болмаған ауқымда атап өтілді. Қала тарихында тұңғыш рет бір алаңда 250 мың көрермен жиналып, Қазақстан бойынша рекордтық концерттік бағдарлама өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауқымды шараға Ұлыбритания, Италия, Испания, Моңғолия мен ТМД елдерінен арнайы қонақтар келді. Аудан көлемі 5 гектардан асатын арнайы дайындалған алаңда ұйымдастырылған мерекелік жиын еліміздің түкпір-түкпірінен келген меймандарды тәнті етті.

Концерттік алаңда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ұйымдастыру шарасы қолға алынды. Елімізде алғаш рет алаң төрт секторға бөлініп, жедел қызметтердің кедергісіз қозғалысы үшін арнайы жолақтар қарастырылды. Жедел штаб жұмыс істеп, қауіпсіздік жағдайы дрон арқылы әуеден бақылауға алынды. Сонымен қатар полиция, Ұлттық ұлан, дәрігерлер, құтқарушылар, еріктілер мен коммуналдық қызмет өкілдері күшейтілген режимде бірлесіп жұмыс істеді.

«250 мың адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік. Осыншама халық қатысқан мерекенің ұйымшылдықпен өтуі – көптеген мекемелердің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Кеншілер мерекесінің осындай жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосқан Qarmet компаниясына айрықша алғысымды білдіремін», — деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Бірнеше айға созылған дайындық пен жүздеген маманның ерен еңбегінің арқасында өткен бұл шара кеншілер қауымына деген ерекше құрметтің көрінісі болды.