Бүгін, 16:50
Қоғам

«Жүрегің ауырады»: Бас мүфти Жамбыл облысындағы жас келіншектің өлімінен кейін мәлімдеме жасады

Ол бұл мәлімдемесін әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жариялаған

«Жүрегің ауырады»: Бас мүфти Жамбыл облысындағы жас келіншектің өлімінен кейін мәлімдеме жасады
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Соңғы бірнеше күн ішінде Қазақстанның қоғамын дүр сілкіндірген 19 жастағы Мадина Рашидқызының өлімінен кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әлеуметтік желіде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас мүфти өз сөзінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, кейде тіпті осы өмірмен қоштасып жататын әйелдердің тағдырын естігенде, «жүрек ауырады» дейді.

«Кейде қоғамда болып жатқан кейбір оқиғаларды естігенде жүрегің ауырады. Әсіресе отбасының ішінде әйел адамның жәбір көріп, қорлыққа ұшырауы жанға батады. Әйел – бір шаңырақтың шырағы. Біреудің аялап өсірген қызы, біреудің асыл анасы, біреудің сүйікті жары. Ол жаңа түскен шаңырағына қорғаныш пен жылулық іздеп келеді. Сондықтан ер азаматтың міндеті – оған қорқыныш емес, қамқорлық сыйлау», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бұл ретте Бас мүфти әйелін ұрып-соғатын ер азаматтарды қатты сынап, оларға қатысты өткір пікір танытты.

«Ер адамның күші жұдырығында емес. Нағыз күш – ашуға ерік бермей, сабыр сақтай білуде. Жаныңдағы жанды жылатпай, керісінше оған сүйеніш болуы. Әйелді жылату – азаматтық емес. Әйелге қорған болу – ердің міндеті», - дейді Бас мүфти.

Айта кетейік, Жамбыл облысы Меркі ауданында қайтыс болған Мадина Рашидқызының өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырып жатыр. Себебі, желіге марқұм мен оның құрбысының арасындағы әңгіменің скриншоттары тарап кеткен. Ол хаттарға қарасақ, Мадина күйеуінен зәбір көрген. Дәл өлімінің алдында ол құрбысына «күйеуім бір «Барни» үшін ұрып-соқты, ол аз болғандай, енем де қол көтерді. Ажырасқым келеді, кетемін» деп жазып, одан қарызға ақша сұраған. Марқұмның туыстары оны жерлегеннен кейін бұл суицидке ұқсамайтынын, сондықтан, әділ тергеу талап ететіндерін айтты. Екі күн бұрын суицидтен бөлек, оның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.

Сондай-ақ 26 шілде күні Алматы облысында тағы бір әйел көз жұмғаны белгілі болып отыр. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, оны да күйеуі ұрып-соққан, тіпті қолын сындырған көрінеді. Марқұмның артында екі жасар егізі қалды. Туыстары мен құрбыларының айтуынша, әйел отбасында ұзақ уақыт бойы психологиялық, экономикалық және физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін. Құқық қорғаушылар істі ашық әрі бейтарап тергеуді, суицид нұсқасын мұқият тексеруді және куәгерлерден жауап алуды талап етті. Сондай-ақ олар істі Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі – «Қинау» бойынша қосымша саралау мәселесін қарауды ұсынды.