Алматы облысының полициясы Құрбан айт кезінде күшейтілген режимге көшті
31 шілдеден 2 тамызға дейін облыстағы мал сою цехтары мен базарларының қызметі тоқтатылады
Облыста Құрбан айт мерекесі күндері барлық ұйымдарда, сондай-ақ жеке үйлер мен мешіттерде адамдар көп жиналатын бұқаралық іс-шараларды өткізуге; облыстың орталық мешіті белгілеген орындарды қоспағанда, облыс аумағында мал союды ұйымдастыру және өткізу, көлікте және жеке үйлерде мал сатуға тыйым салынады. 31 шілдеден 2 тамызға дейін мал сою цехтары мен базарларының қызметі тоқтатылады.
«Тәжірибе көрсеткендей, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ететін үйлесімді жұмыс нәтижесінде мереке күндері қылмыс аз тіркеледі. Әдетте, олар тұрмыстық сипатта болады. Сондай-ақ, Алматы облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушының 2020 жылдың 31 шілдесі мен 2 тамызы аралығында Алматы облысының аумағында Құрбан айт мерекесі күндері коронавирустық инфекцияның таралуына ықпал ететін барлық белгіленген талаптарды сақтау және бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу туралы қаулысы ерекше орындалатынын атап өткен жөн», – дейді Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бағдат Әшімов.
Басқарма басшысының айтуынша, мал соятын барлық орындар мен цехтар ерекше бақылауға алынады.
«Облыстың елдімекендеріне кіреберісте онлайн режимде құрбандық шалуды жүзеге асыруға арналған жануарларды қоспағанда, облыс аумағына жануарларды әкелуге жол бермеу және жолын кесу бойынша бақылау ұйымдастырылады. Сонымен қатар, белгіленбеген жерлерде тұрғындардың мал союына жол бермеу мақсатында мал соятын барлық орындар мен цехтар ерекше бақылауға алынды», – деп толықтырды Бағдат Әшімов.