Бүгін, 12:33
Қоғам

Тараздан Норвегияға көшіп кеткен екі қыз әкелерінің қайтыс болғанын тек төрт айдан кейін естіген

Олар мұрагер екенін дәлелдеу үшін сотқа жүгінген

Тараздан Норвегияға көшіп кеткен екі қыз әкелерінің қайтыс болғанын тек төрт айдан кейін естіген
Фото: istockphoto.com

Тараз қалалық соты Норвегияға көшіп кеткен екі қыздың ісін қарап, оларды марқұм әкелерінің мұрагері ретінде таныды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Жамбыл соттары хабарлап отырғандай, Тараз сотына арыз жазған екі қыз Норвегияда өмір сүреді. Олардың әкесі 2024 жылдың қазан айында қайтыс болған, алайда олар бұл қаралы хабарды тек төрт айдан кейін ғана естіген.

Қазақстанға келіп, мұрагерлікті қабылдар кезде олар бюрократиялық сипаттағы кедергілерге тап болған көрінеді.

«Нотариус мұрагерлердің тегі ағылшын тілінде көрсетілген сенімхаттарды қабылдаудан бас тартқан. Осыған байланысты нотариус оларға мұрагерлік құқығы туралы куәлік беруден де бас тартты. Осы іс бойынша осы отбасының үшінші қызы жауап беріп, ол сияқты бұл екі қыз да әкесінің тікелей мұрагері екенін айтқан», - деп хабарлайды Жамбыл соттары.

Сот осы мәселелерді бағалай отырып, мерзімді өткізіп алу себептерін дәлелді деп таныды, өйткені талап қоюшылар Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұрады, мұра қалдырушының қайтыс болғаны туралы мәліметті уақтылы алмаған және құжаттарды ресімдеу кезінде объективті кедергілерге тап болған.

«Сот шешімімен талап қоюшылардың мұраны қабылдау мерзімі қалпына келді және олар әкесі қайтыс болғаннан кейін мұраны қабылдады деп танылды», - деп хабарлайды Жамбыл соттары.