Қазақстандық оқушылар физикадан халықаралық олимпиадада бес алтын алды

International Physics Olympiad (IPhO) – мектеп оқушылары арасында өтетін ең беделді олимпиада

Қазақстандық оқушылар физикадан халықаралық олимпиадада бес алтын алды
Фото: gov.kz

Қазақстандық оқушылар физика пәнінен өткен ең беделді халықаралық олимпиадалардың бірі International Physics Olympiad (IPhO) додасында тарихи нәтиже көрсетті. Ұлттық құрамадағы бес оқушының барлығы алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан құрамасының барлық мүшесі алтын алды

Оқушылардың жетістігі туралы бұрынғы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

«Бес оқушы. Бес алтын. Тарихи нәтиже», – деп жазды ол.

Оның айтуынша, Қазақстан құрамасының барлық бес мүшесі халықаралық физика олимпиадасында алтын медаль жеңіп алған.

«Көп жылғы еңбектің жемісі»

Асхат Аймағамбетов бұл нәтиже оқушылардың ұзақ жылғы еңбегі мен жүйелі дайындықтың нәтижесі екенін атап өтті.

«Бұл – оқушылардың көп жылғы еңбегінің, ата-аналардың қолдауының, ұстаздар мен жаттықтырушылардың кәсібилігінің және дарынды балаларды жүйелі дайындаудың жемісі», – деді ол.

Ол бұл жетістікті ғылым мен білімге салынған инвестицияның маңызын көрсететін нәтиже деп бағалады.

Айта кетейік, International Physics Olympiad (IPhO) – мектеп оқушылары арасында физика пәнінен өтетін халықаралық олимпиада.