Қазақстанда бұлақ суын QR-код арқылы тексеретін жоба іске қосылды

QR-кодты сканерлеу арқылы осы бұлақ суының сапасы мен құрамы туралы ақпарат алады

Қазақстанда бұлақ суын QR-код арқылы тексеретін жоба іске қосылды
Фото: ҚЭҚ

Ақмола облысының Аршалы ауданында республикалық «Taza Qazaqstan» акциясы мен су шаруашылығы қызметкерлері күніне орайластырылған ауқымды экологиялық іс-шара өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы «Stop Musor» әлеуметтік жобасы аясында «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметімен бірлесіп, табиғатты қорғауға бағытталған сенбілік ұйымдастырды.

Экологиялық акцияға 50-ге жуық волонтер қатысып, Вячеслав су қоймасына іргелес аумақты және осы маңдағы табиғи бұлақтың айналасын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Олар қоқыс жинап қана қоймай, бұлақ маңын абаттандыру жұмысын да жүргізді.

Бұл іс-шараның басты ерекшелігі – «Қазгидрогеология» мамандарының зертханалық қолдауы. Олар алдын ала бұлақ суынан сынама алып, химиялық құрамы мен негізгі сапа көрсеткіштеріне талдау жасады. Зерттеу қорытындысы бойынша бұлақ басына арнайы QR-коды бар ақпараттық тақтайша орнатылды.

Енді кез келген тұрғын немесе саяхатшы QR-кодты сканерлеу арқылы бұлақ суының сапасы мен құрамы туралы нақты ақпаратты бірден телефонына жүктеп ала алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай цифрлық бастамалар табиғи нысандарды сақтауға септігін тигізіп қана қоймай, халықтың экологиялық сауаттылығы мен қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.