Мақтаарал тұрғындарына баспана салу үшін берілген 17 млн теңгенің тең жартысы аударылған
Өмірзақ Шөкеев көктемде су басқан Мақтаарал тұрғындарымен кездесті
Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен ауыл тұрғындарына баспана салу үшін мемлекет тарапынан берілген 17 млн теңгенің 50 пайызы толық аударылған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ауыл тұрғындары екінші транш бойынша қалған қаражаттың 25%-на құжат өткізіп, қаржы ала бастады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарымен кездесіп, құрылыс барысын тексерді.
Бұдан бөлек, топан судың зардабын көрген барлық отбасыға кәсіпкер Әлішер Усмановтың қоры есебінен 425 мың теңгеден (1000 АҚШ долларынан) берілген. Сондай-ақ, отбасының әр мүшесі мемлекет тарапынан 100 мың теңгеден қаржылай көмек алды.
Түркістан облысының әкімі кезекті рет Мақтааралға жұмыс сапарымен келіп, Өргебас және Фирдоуси ауылдарын қалпына келтіру жұмыстарының барысын бақылады. Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын тексерді. Салынып жатқан әлеуметтік нысандарды аралады.