$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.07.2020, 13:30
Қоғам

Төлеби ауданындағы демалыс орындарына баратын жолдарға блок-бекет қойылды

2500-ге тарта көлік кері қайтарылды

Төлеби ауданындағы демалыс орындарына баратын жолдарға блок-бекет қойылды
Фото: polisia.kz

Төлеби ауданындағы демалыс орындарына апаратын жолға блок-бекеттер қойылып, 2500-ге тарта көлік кері қайтарылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.

Түркістан облысы Төлеби ауданында демалыс орындары көп. Алайда, қазір елімізде карантин шараларына байланысты адамдардың көп шоғырлануына жол жоқ. Осыған орай Төлеби аудандық бас санитар дәрігердің 22 шілде 2020 жылғы №24 қаулысы шықты.

Қаулыға сәйкес, 2020 жылдың 24-26 шілде күндері аралығында Төлеби ауданы Біркөлік, Қасқасу тау шатқалдарында орналасқан демалыс орындарына баратын жолдарға блок-бекеттер қойылды. Бұл блок-бекеттер санитарлық нормалардың бұзылуына жол бермеу, демалыс орнына келушілерді қайтарып, карантин талаптарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында қойылған.

Блок-бекеттердегі қызметкерлер барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, демалыс орындарына келушілерге Бас санитар дәрігердің қаулысын таныстырып, жалпы 2500-ге жуық автокөлік кері қайтарылды. Нақтырақ айтсақ, демалуға келген адамдардың көбі Шымкент қаласының тұрғындары екені анықталды. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған 17 демалыс орнына іс-құжаттар жинақталып, ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарының, сондай-ақ гигиеналық нормативтердің бұзылуы» бойынша хаттама толтырылды.

Сондай-ақ су жағалауында шомылып жүрген, қауіпсіздік шараларын сақтамаған 37 тұрғынға ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабымен «Жалпы су пайдалану ережелерін бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту жасалынды.

Одан бөлек, билік өкілін қорлаған тұрғындарға шара қолданылды. Мәселен, 26 шілдеде Біркөлік ауылына кіреберіс жердегі блок-бекетте полицейлер «Toyota» маркалы автокөлікті тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Алайда көлік ішіндегі екі жігіт тәртіп сақшыларын тыңдағысы, бағынғысы келмей, полиция қызметкерлерін балағаттап, қарсылық көрсеткен. Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 378-бабымен «Билік өкілін қорлау» қылмыстық іс қозғалды. 

Серіктес жаңалықтары