23.06.2026, 00:07
Қоғам

Әскерде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар көз жұмды

Оның ісі қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын

Әскерде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар көз жұмды
Фото: instagram.com/erbayan2024

Астанада Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Ол 2023 жылдың желтоқсанында ҚР Ұлттық ұланында мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген кезде алған ауыр бас-ми жарақатынан кейін өмір үшін күресіп келген еді,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ербаян Мұхтардың қайтыс болғаны туралы ақпарат 23 маусым күні кешке белгілі болды. Бұл жөнінде Ербаянның отбасының мүддесін қорғап жүрген құқық қорғаушы Инга Иманбайға сілтеме жасаған бірқатар БАҚ хабарлады.

Жас жігіттің жағдайы мамыр айының соңында күрт нашарлаған. Сол кезде оны шұғыл түрде Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жатқызған болатын.

Ербаян Мұхтардың оқиғасы 2023 жылы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ұлттық ұландағы қызметі кезінде алған ауыр бас-ми жарақатынан кейін ол ұзақ уақыт бойы ем қабылдап, оңалту курсынан өтті.

Оның отбасына бейжай қарамаған қазақстандықтар көмек көрсетіп, болған оқиғаның мән-жайы бірнеше мәрте қоғамдық талқылаудың өзегіне айналды.

Ербаян Мұхтардың ісі

Еске салайық, Ербаян Мұхтар Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде қызмет еткен.

2023 жылдың желтоқсанында сарбаз бас сүйек-ми жарақатын алып, кейін комаға түскен. Әскери бөлім өкілдері туыстарына Ербаян дәретханада құлап, басын кафельге соғып алғанын айтқан.

Ауруханаға түскен кезде оған ауыр дәрежедегі бас миының соғылуы, жедел субдуралды гематома, шүйде сүйегінің сынуы және басқа да ауыр жарақаттар диагнозы қойылған. Сарбазға нақты не болғаны туралы толық ақпарат Erbayan2024 Instagram парақшасында жарияланған.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі қатардағы жауынгер Мұхтардың басынан жарақат алу дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 440-бабы 3-бөлігі 4-тармағы – «Әскери қызметшілер арасындағы жарғылық қарым-қатынас қағидаларын бұзу, денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Сарбаздың отбасының қорғаушысы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Ербаянның жарақатты қалай алғанына қатысты айтқан мәлімдемесіне де пікір білдірген болатын.

Мүгедектікке ұшыраған сарбаздың әкесі ұлының жағдайы туралы айтқанда көз жасына ерік берген еді.

Емдік массаж маманы Ұлпан Серікбаева бір ай бойы Ербаянмен жұмыс істеді. Оның айтуынша, Ербаян есінеу әрекетін жасай алатын болған, бұған дейін мұндай мүмкіндігі болмаған. Сондай-ақ тыныс алу жүйесінің жұмысы жақсарып, ол 10-20 минут аралығында өздігінен тыныс ала бастаған.

Қазақстандықтар Ербаянның еміне шамамен 230 миллион теңге жинап берген. Бұл қаражат оның шетелдегі үш айлық оңалту курсынан өтуіне жеткілікті болған.

Алғашында Ербаянды Германияға апару жоспарланған. Алайда ондағы дәрігерлер оның сол кездегі жағдайына байланысты қабылдауға дайын болмаған. Кейін Түркия дәрігерлері емдеуге келісім бергенін Инга Иманбай хабарлаған.

2025 жылдың 27 қыркүйегінде Ербаян Мұхтар ата-анасымен бірге Ыстанбұлға аман-есен жеткен. Ол ұзақ ұшуды жақсы көтерген.

Қараша айында Түркиядағы кезекті емдеу кезеңін аяқтап, Астанаға оралған.

14 қазанда Ербаянның ісіне байланысты дәрігерлердің әрекетіне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Әскери қызметшілер мен медицина қызметкерлеріне қатысты қозғалған екі қылмыстық істі де Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының бөлім басшысы тергеп жатыр.