Әкесінің інісі аяусыз ұрып-соққан: Ақмола облысында жапан далада жалғыз жүрген 5 жасар баланың ісі қаралып жатыр
Бүлдіршінді аяусыз соққыға жықты деген күдікпен баланың әкесінің ағасы күдікті ретінде танылды
Ақмола облысының Астрахан ауданында 5 жасар баланы асқан қатыгездікпен соққыға жықты деген күдікпен әкесінің туған ағасы қамауға алынды. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде түрлі ақпарат тарап, қоғамда қызу талқылау басталған. Айыпталушы Райымбек Сүлейменовтің жақындары мен ауылдастары полиция қызметкерлері баланы заңсыз ата-анасынан алып кеткенін, ата-анасына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын және баланың ағасына қатысты істің қолдан ұйымдастырылғанын алға тартып отыр. Ал құқық қорғау органдары бұл мәліметтерге қатысты өз ұстанымын білдіріп, тергеу барысы жөнінде түсініктеме берді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ақмола облысының Полиция департаменті берген ресми мәліметке сәйкес, 17 маусым күні учаскелік полиция қызметкері Астрахан ауданындағы дала алқабынан 2021 жылы туған баланы тауып алған. Кешкі уақытта жалғыз жүрген бүлдіршіннің денесінен түрлі жарақаттар мен сызылған жара ізі анықталған. Алдын ала дерек бойынша, баланы әкесінің ағасы асқан қатыгездікпен ұрып-соққан.
«Қазіргі уақытта тергеу азаптау және кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактілері бойынша жүргізілуде. Кәмелетке толмаған балаға қатысты жүргізілген барлық тергеу әрекеті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізілді. Қазір бала медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырамыз», – деп мәлімдеді Ақмола облысы Полиция департаменті.
Ведомствоның хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеу барысында оқиғаның ықтимал нұсқалары, оның ішінде баланың ата-анасы айтқан жайттар да тексеріліп жатыр.
Дегенмен бүлдіршіннің ата-анасы аудандық сот алдына жиналып, наразылықтарын жетізген. Олардың айтуынша, бала өздерін бірден тани алмайтын жағдайға жеткен. Тіпті ұлымен кездесуге рұқсат берілген күннің өзінде ата-анасына небәрі 15 минут уақыт бөлінеді екен.
«Бүгін аудандық сотқа келдік. Бес жасар ұлым Рысбекті алып кеткендеріне бес күн болды. Бірақ ешкім бізге нақты ештеңе түсіндірмейді. Заң қайда? Баламды көрсем де, бар болғаны 15 минутқа ғана кіргізеді. Қасына барғанымда ол маған бірден «мама» деп те айта алмады. Біраз уақыттан кейін ғана таныды. Күнде «анашым» деп алдымнан жүгіріп шығатын баламның мұндай күйін көру өте ауыр», – дейді баланың анасы Гүлнұр Сүлейменова.
Отбасының әрі күдіктінің қорғаушысы Илькин Мамадзенің сөзінше, құқық қорғау органдары ата-аналардың сұрақтарына толыққанды жауап бермей отыр.
«Біз прокурордың қабылдауында болдық. Алайда қойған сұрақтарымызға нақты жауап ала алмадық. Ата-аналарға ештеңе түсіндірместен қорғаншылық органдары тартылып, психолог тағайындалған. Бірақ олардың өзі бүгінгі күні нақты не болып жатқанын білмейді. Біз баланың қандай негізде және қандай жолмен басқа қалаға жеткізілгенін сұрадық. Өкінішке қарай, қазір бала басқа қалада, ал ата-анасының оған кірер мүмкіндігі жоқ», – дейді адвокат Илькин Мамадзе.
Баланы аяусыз соққыға жықты деген күдікке ілінген Райымбек Сүлейменовтің тағы бір қорғаушысы әрі әпкесі Айтуған Зайтинова сот отырысында болған жайттарға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қорғауындағы азаматқа қатысты бұлтартпау шарасын санкциялау кезінде сот залына арнайы жасақ қызметкерлерінің көптеп кіргізілуі түсініксіз болған.
«Біз Астрахан аудандық сотынан шықтық. Мұнда қорғауымыздағы азаматқа қатысты бұлтартпау шарасын санкциялау мәселесі қаралды. Сот отырысы басталғанда залға Жедел қимылдайтын арнайы жасақтың алты қызметкері кірді. Әдетте мұндай арнайы жасақ терроризм немесе экстремизм бойынша есепте тұрған адамдарды алып жүруге тартылады. Ал біздің қорғауымыздағы азамат ешқандай есепте жоқ. Оның үстіне ол – полиция майоры. Ішкі істер органдарында қызмет етеді және жұмыс орнында да, тұрғылықты жерінде де жақсы жағынан сипатталады», – дейді ол.
Аудандық сот алдына жиналған туыстары мен ауылдастары отбасы туралы жылы пікір білдірді. Олардың айтуынша, бұл шаңырақ ауыл ішінде тәрбиелі, еңбекқор әрі үлгілі отбасы ретінде танылған. Жиналғандар оқиғаның ақ-қарасы тергеу барысында анықталады деген үмітте екенін жеткізді. Баланың әжесі Жұмабике Сүлейменова да отбасының көп жылдан бері тату-тәтті өмір сүріп келе жатқанын айтады.
«Міне, біз Жарсуат ауылындағы үлкен Сүлейменовтер әулетінің шаңырағында отырмыз. Бұл – марқұм Шолпан Ахметжанова қалыптастырған берекелі отбасы. Ағайын-туыс бір-бірімен араласып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Үйдің іші де, сырты да бала-шағаның күлкісіне толы. Бірақ осы оқиғадан кейін заңдылыққа деген сенімім жоғалды. Аудандық прокуратура бізді қабылдамады. Енді келіп «балаларды ұрады, соғады» деп, бүкіл әулетке күйе жағып жатыр», – дейді ол.
Алайда оқиғаның анық-қанығына көз жеткізу үшін Астрахан ауданына арнайы барған көкшетаулық блогер Искандер Жанартовтың жарияланымына қалдырған пікірінде Ақмола облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Әсем Апаева баланың ауыр азаптау мен зорлық-зомбылық көргенін жазған.
«Бала ауыр азаптау мен зорлық-зомбылық көргеннен кейін ауруханаға түскен. Мен онымен өзім сөйлестім. Қазір бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр», – деп жазды Ақмола облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Ал бала 17 маусымнан бері ата-анасынан бөлек жатыр. Оның нақты қай қаладағы медициналық мекемеде ем қабылдап жатқаны ресми түрде жарияланбады.
Редакция бұл істің барысын бақылауда ұстап, оқырмандарды жаңа мәліметтерден хабардар етіп отырады.