Мұғалімдерді аттестациялау өзгереді: министрлік пилоттық жобаны іске қосады

Жаңа тәртіпке сәйкес, аттестацияға қатысу ерікті болады

Мұғалімдерді аттестациялау өзгереді: министрлік пилоттық жобаны іске қосады
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Қазақстанда мұғалімдерді аттестациялаудың жаңа форматы сынақ ретінде енгізіледі. Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап педагогтердің біліктілік санатын беру және растау бойынша пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа тәртіпке сәйкес, аттестацияға қатысу ерікті болады. Мұғалімдер өтінішті арнайы цифрлық платформа арқылы береді, ал олардың кәсіби қызметіне қатысты мәліметтер түрлі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жинақталады.

Пилоттық жоба аясында «екінші санаты» бар педагогтер «педагог-модератор» санатын алуға үміткер бола алады. Ал «бірінші санат» және «жоғары санат» иелері «педагог-сарапшы» біліктілік санатын алуға немесе растауға өтініш бере алады.

Педагогтердің цифрлық профилін арнайы комиссия 2026 жылғы 1 қыркүйек пен 15 желтоқсан аралығында қарайды. Нәтижесінде мұғалімнің сұралған біліктілік санатына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы шешім шығарылады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, берілген біліктілік санаты бес жыл мерзімге жарамды болады.

Пилоттық жобаны енгізу туралы бұйрық 2026 жылғы 1 тамыздан бастап күшіне енеді және осы жылдың соңына дейін қолданыста болмақ.