«Батыс елдерінде мұндай жүйе жоқ»: президент Қазақстандағы тегін медицина жайлы айтты

Былтыр республикалық бюджеттен әлеуметтік қажеттіліктерге 9 триллион теңге бөлінді 

«Батыс елдерінде мұндай жүйе жоқ»: президент Қазақстандағы тегін медицина жайлы айтты
Фото: Freepik

Президент әлеуметтік саладағы міндеттемелерді орындау мемлекет билігінің барлық тармағының конституциялық міндеті екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жаңа Конституцияға сай, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сәйкесінше, әлеуметтік саладағы міндеттемелерді орындау биліктің барлық тармағының, соның ішінде Үкіметтің конституциялық міндеті саналады. Бұл міндет табысты орындалуда. Өткен жылы тек республикалық бюджеттен әлеуметтік қажеттіліктерге 9 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалды, шамамен 18 миллиард доллар. Бұл – өте қомақты сома. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бағдарламасын іске асыру да конституциялық міндеттеме аясына кіреді», - деді ол.

 Президент атағандай, тегін медициналық қызметтерді қамтитын әлеуметтік мақсаттағы бірегей бағдарламаның басқа елдерде баламасы жоқ.

 «Аталған бағдарлама туралы Конституциямызға жазылды, бұл – конституциялық міндет. Мұны мемлекеттің нақты жетістігі ретінде атап айтқан жөн. Нәзік жанды аруларымыз дүниеге перзент әкелгеннен кейін қандай жеңілдіктерге ие болатынын білесіздер: жұмыс орны сақталып, үш жыл декреттік демалысқа шығады, тиісті төлемдер алады. Жас аналарға өте жақсы жағдай жасалып отыр. Мен Батыста, атап айтқанда, Швейцарияда жұмыс істеген кезде осы мәселені зерделедім. Швейцарияда және басқа да Батыс елдерінде мұндай жүйе жоқ», - деді мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, елде медициналық туризмді дамытуға да мүмкіндік бар. Инновацияларды енгізу, ем-дом стандарттарын жетілдіру және қызмет сапасы мен баға теңгерімін сақтау арқылы Қазақстан өңірлік медициналық орталыққа айнала алады.