Абай облысында жоғалып кеткен әйел шамамен 18 сағаттан кейін аман-есен табылды

Әйел адам қалың шөп басқан батпақты жерден шыға алмай қалған

Абай облысында жоғалып кеткен әйел шамамен 18 сағаттан кейін аман-есен табылды
Фото: ІІМ

Абай облысында 17 маусым күні сағат 00:36-да полицияға Курчатов қаласының 46 жастағы тұрғынының жоғалғаны туралы хабар түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Хабар түскен бойда полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары іздеу жұмысына кіріскен. Іздеу барысында қала көшелері, аулалар, қараусыз қалған ғимараттар мен маңайдағы аумақтар мұқият тексерілген.

17 сағат 46 минуттан кейін учаскелік полиция инспекторлары әйелді қаладан шамамен 25 шақырым жердегі өзен жағасынан тапқан.

Әйел қалың шөп басқан батпақты жерде болған. Қатты қорқып қалғандықтан өздігінен қозғала алмаған.

«Оған жету үшін полиция қызметкерлерінің бірі батпақты жерден жалаңаяқ өтуге мәжбүр болды. Әйел қауіпсіз жерге шығарылып, қажетті көмек көрсетілді. Кейін туыстарына табысталды», – деп хабарлады Абай облысы полиция департаменті.

Қазіргі уақытта әйелдің өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.