«Ақылы жолда жүз мыңдап айыппұл арқалайды»: депутат тасжолдардағы жылдамдық шектеуін сынға алды
Болатбек Нажметдинұлының айтуынша, жүргізушілер жол қауіпсіздігіне емес, айыппұл алмауға көбірек алаңдайды
Депутат Болатбек Нажметдинұлы халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жылдамдық режимдерін қайта қарау мәселесін көтерді. Ол өз сауалында мемлекеттің соңғы жылдары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін қоса алғанда, ірі инфрақұрылымдық жобаларға қомақты қаржы жұмсағанын атап өтті. Оның айтуынша, аталған бағыттағы жолдар төрт жолақты, қарсы қозғалысы толық бөлінген, қоршалған және халықаралық талаптарға сай жоғары жылдамдықты автомагистраль ретінде салынған. Алайда қазіргі таңда кейбір учаскелерде, әсіресе елді мекендер маңында, жылдамдық 60 км/сағатқа дейін төмендетілген. Депутаттың пікірінше, жүргізушілер бұл шектеудің енгізілу себептерін түсінбей отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл жоба Қазақстанның оңтүстік өңірлерін еліміздің басқа аймақтарымен байланыстырып қана қоймай, Орталық Азия мемлекеттерін Ресей және Еуропа нарықтарымен жалғайтын маңызды халықаралық көлік дәлізі болып саналады. Аталған жобаны іске асыру кезеңінде мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары ретінде оның жүзеге асырылуына тікелей қатыстым. Жобалау және құрылыс барысында жолдың өткізу қабілеті, қауіпсіздігі, болашақтағы көлік ағыны және инженерлік шешімдер бірнеше мәрте жоғарғы деңгейде талқыланды. Мен де сол кезде осы оңтүстік бағыттағы жолды төрт жолақты, жылдамдығы жоғары, қауіпсіздік талаптарға сәйкес, бағыттары толық бөлінген автомагистраль ретінде салу қажеттігін қолдап көтерген лауазымды азаматтардың бірі болдым. Өйткені бұл еліміздегі халық ең тығыз орналасқан өңірлердің бірі. Сонымен қатар Қазақстанның оңтүстігі арқылы өтетін ішкі көлік ағындары мен халықаралық транзит көлемі жыл сайын артып келе жатқан болатын. Сондықтан жобаның басты мақсаты жол қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, көлік қозғалысын жеңілдету, өткізу қабілетін арттыру, жылдамдығы жоғары және қозғалыстың үздіксіздігін қамтамасыз ету болды. Осы мақсатта қарсы бағыттағы қозғалыстар толық бөлінді, жол бойы қоршалды, көп деңгейлі жолайрықтар салынды, жаяу жүргіншілердің жолға шығуы шектелді және халықаралық талаптарға сәйкес қауіпсіздік инфрақұрылымы қалыптастырылды. Яғни, бұл жолдар ең алдымен қауіпсіз әрі жылдам қозғалысты қамтамасыз ету үшін салынды. Алайда бүгінде азаматтардан және жүргізушілерден аталған жолдағы жылдамдық режиміне қатысты өтініштер мен шағымдар түсіп жатыр. Ол жағдайды өңірде өзіміз де көріп отырмыз. Әсіресе толық қоршалған, қауіпсіздік талаптарына сай салынған төрт жолақты магистральдарда елді мекендер маңында бірнеше шақырым бойы жылдамдықтың 60 км/сағатқа дейін төмендетілуі көптеген сұрақтар туындатады. Егер мұндай учаскелерде жаяу жүргіншілердің жолға шығу мүмкіндігі болмаса, қарсы бағыттағы көлік ағындары толық бөлінген болса және қауіпсіздікке қатысты барлық инженерлік шешім іске асырылған болса, онда мұндай шектеулердің қажеттілігі неде?», - деді ол.
Депутат атағандай, дәл осындай учаскелерде жасанды түрде қауіпсіздікті сылтау етіп төмендетілген жылдамдық режимі, полицияның патрульдік қызметтердің бақылауы мен жылдамдық режимін қадағалау ерекше күшейтілген. Соның салдарынан көптеген жүргізуші жол қауіпсіздігіне емес, айыппұл алмауға көбірек алаңдайтын жағдай қалыптасқан.
«Нәтижесінде азаматтар ақылы жолды пайдаланып қана қоймай, кей жағдайларда ондаған мың, тіпті жүз мың теңгеге дейін жететін айыппұлдар алып жатыр. Сонымен қатар тағы бір маңызды мәселе түсініксіз болып отыр. Егер бұл республикалық маңызы бар автомобиль жолдары болса, онда неге әр өңірде жылдамдық режиміне әртүрлі тәсіл қолданылады? Мәселен, кейбір облыстарда дәл осындай санаттағы жолдарда рұқсат етілген жылдамдық 120-140 км/сағатқа дейін көтерілген. Ал Түркістан мен Шымкентте техникалық сипаттамалары ұқсас жолдарда әлдеқайда төмен шектеулер белгіленген. Бір қызығы жолақысының ставкасы бірдей. Бұл жағдайда жылдамдық режимдерін белгілеудің бірыңғай критерийлері қандай және неге бірдей санаттағы, яғни 1 категория лық жолдарға әртүрлі талаптар қойылады деген заңды сұрақ туындайды. Жолдың санаты да, қауіпсіздік талаптары да бірдей болған жағдайда жүргізушілерге қойылатын талаптар да бірдей болуы тиіс деп есептеймін. Бұл мәселе тек жүргізушілердің қолайлылығы туралы емес. Мемлекет мұндай жолдарды азаматтардың уақытын үнемдеу, өңіраралық байланысты жақсарту, көлік қатынасының тиімділігін арттыру және еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту үшін салды. Сондықтан қауіпсіздік талаптары толық сақталған учаскелерде жолдың нақты мүмкіндіктері мен белгіленген шектеулердің өзара сәйкестігіне объективті баға берілуі қажет деп санаймын», - деді ол.
Депутат аталған мәселеге байланысты ұсыныстарын жолдады:
- «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі мен басқа да республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қолданыстағы жылдамдық режимдеріне кешенді ревизия жүргізу;
- Қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетін, қоршалған және қарсы бағыттары толық бөлінген учаскелерде рұқсат етілген жылдамдықты кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігін қарастыру;
- Елді мекендер маңындағы, бірақ жаяу жүргіншілер қозғалысы жоқ және барлық қауіпсіздік талаптары сақталған учаскелерде 60 км/сағаттық шектеудің негізділігіне талдау жүргізу;
- Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында (магистралдарында) жылдамдық режимдерін белгілеудің бірыңғай критерийлерін қайта қарап, олардың өңірлер бойынша әртүрлі қолданылу себептері жөнінде түсініктеме беру.