11.06.2026, 12:47
Қоғам

«Алты жүз мың мұғалімнің жалақысын көбейттік»: үкімет халықтың табысын жақсартуға қатысты өз есебін ұсынды

Мұғалімдерден басқа, әлеуметтік және медицина, азаматтық қорғау саласындағы адамдардың жалақысы көбейген

«Алты жүз мың мұғалімнің жалақысын көбейттік»: үкімет халықтың табысын жақсартуға қатысты өз есебін ұсынды
Фото: istockphoto.com

Үкімет 2022-2025 жылдар ішінде халықтың табысын жақсарту үшін не істегендерін және сол жұмыстардың нәтижесінде жалақы қалай көбейгенін есепке жинап, журналистерге ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Амриннің айтуынша, жалпы, 2022 жылдан 2025 жылға дейін бюджет саласының 1,2 млн-нан астам қызметкерінің еңбекақысы 30% көбейген. 

«Соның ішінде, әлеуметтік қамсыздандыру саласының 38 мың қызметкері - орта есеппен 30%; педагогтер мен мұғалімдер (600 мың адам) - 25%; медицина қызметкерлері (6 мың адам) - 20%; өзге де жекелеген санаттар (шамамен 600 мың адам) - орта есеппен 20% көп жалақы алады», - деді Амрин бүгін үкіметте.

Сонымен қатар салалық мемлекеттік органдар тарапынан қосымша дәрігерлердің орташа жалақысы 30%, орта медициналық персоналдың жалақысы 20%, мектепке дейінгі білім беру қызметкерлерінің жалақысы 30%, этносаралық қатынастар саласы қызметкерлерінің жалақысы 50% көбейген көрінеді.

Ал, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы 20% ұлғайып, экология қызметкерлері мен орман өртін сөндіретіндердің жалақысы екі есе, яғни, 100 пайыз көбейген.