Қазақстанда КВИ бойынша сырқаттану деңгейі өзгеріссіз қалып отыр – Бас санитар дәрігер
Айжан Есмағамбетова елдегі карантин күшейтілгеннен кейінгі жағдайды баяндады

ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстанда коронавируспен сырқаттану деңгейі алдыңғы екі аптамен салыстырғанда өзгеріссіз қалып отырғанын мәлімдеді.
«23 шілдеде республикада коронавирус анықталған 76 799 жағдай тіркелді. 48 202 науқас емделіп шықты. Сырқаттану тәулігіне 1600-1700 деңгейінде тұрақтанды. Қатаң шектеу шаралары енгізілгеннен, яғни 5 шілдеден бастап екі апта ішінде 21 532 жағдай тіркелді. Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда сырқаттану бір деңгейде қалып отыр», - деді ол бейсенбідегі кезекті брифингте.
Бас санитар дәрігердің айтуынша, маусым айында сырқаттанудың апталық өсу қарқыны 1,3-тен 2 есеге дейін өскен.
«Қатаң шектеу шаралары енгізілгеннен бастап шілде айында сырқаттану деңгейінің өспегені байқалады. 5 шілдеден бастап коронавирустың әрі қарай таралмауы үшін ДСМ бірқатар шаралар қабылдады», - деді А. Есмағамбетова.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан