Олардың арасында қайырымдылық жасаған түлектер де бар
Астана қаласындағы мектеп түлектерінің 70% мейрамханадағы салтанатты кештерден бас тартып, мектептің ішіндегі қарапайым әрі мазмұнды форматтағы қоштасу кештерін таңдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық білім беру басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағандай, осылайша түлектер арасында игілікке бастайтын әлеуметтік үрдіс қалыптаса бастаған.
«Бұл бастаманың басты мақсаты – мектеп бітіру кешінің мәнін сән-салтанатпен немесе қымбат дастарханмен емес, рухани құндылықтармен ұштастыру. Түлектер үшін ең маңыздысы – ұстаздарға алғыс білдіру, сыныптастарымен естелік сәттерді бөлісу және мектеппен тағылымды түрде қоштасу», - деп хабарлайды білім басқармасы.
Яғни, дереккөз жазғандай, бұл бір жағынан ата-ананың қалтасына түсетін қаржылай салмақты азайтса, екінші жаңынан әлеуметтік теңсіздік пен даңғазалықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Осы дәстүрдің аясында сондай-ақ кейбір түлектер қайырымдылыққа жол бастағаны белгілі болды.
«Атап айтқанда, түлектер балалар үйлеріне қайырымдылық көмек көрсетіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау танытты. Сонымен қатар қала көшелеріне ағаш егіп, қоғамдық орындарды көгалдандыру және тазалық акцияларына белсенді қатысып жатыр», - деген білім басқармасы қаладағы №101 жалпы орта мектепті мысалға алған.
Бұл мектептің түлектері балалар үйлеріне арнайы барып, кішкентай бүлдіршіндерге ойыншық пен киім-кешек сыйлап, көңілдерін көтерген әрі жақсылықтың үмітін ұялатқан.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін хабарлағынымыздай, Жаңаөзен полициясы 25 мамыр – соңғы қоңырау күні кортежге шыққан 200-ден астам көлікті тоқтатып, айыппұл салған.